
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Ұлы дала астығы – 2026» далалық семинар-кеңесіне және «Qyzyljar Investment Forum – 2026» халықаралық инвестициялық форумына қатысты.
Вице-министр Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми әзірлемелер көрмесін тамашалап, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен агродрондардың үлгілерімен танысты. Сондай-ақ өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын аралап көрді.
Семинардың пленарлық отырысында сөз сөйлеген Азат Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтті.
«Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің аграрлық әлеуетін нығайтуда ерекше орын алады. Өңір ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келеді. Бұл алаң мемлекет, ғылым және аграрлық сала өкілдерінің басын қосып, саланың өзекті мәселелерін талқылауға әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Азат Сұлтанов саланың даму қорытындыларына тоқталып, мемлекеттік қолдау шараларының жүзеге асырылу барысы туралы айтты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді қаржыландыру мақсатында жеңілдетілген несиелеуге 750 млрд теңге бағытталды. Бүгінде 656 млрд теңге сомасына 5,7 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алуға 300 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облысына жалпы құны 24,7 млрд теңгені құрайтын 349 бірлік техника жеткізілді.
Егін жинау науқанын өткізу үшін аграршыларға 401 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Республика бойынша минералды тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына 400,3 мың тонна қарастырылған.
Вице-министр майлы дақылдар өндірісінің тұрақты өсуіне де ерекше тоқталды. Биыл елімізде олардың егіс алқабы рекордтық көрсеткішке – 5,2 млн гектарға жетті. Солтүстік Қазақстан облысы бұл бағытта көшбасшы өңір ретіндегі орнын сақтап келеді. Өңірде майлы дақылдар 1,3 млн гектар алқапқа егілген, бұл облыстың жалпы егіс алқабының 23%-ын құрайды.
Сондай-ақ Азат Сұлтанов мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, қаржы институттарының және шетелдік инвесторлардың өкілдерінің басын қосқан «Qyzyljar Investment Forum – 2026» халықаралық инвестициялық форумына қатысты.
Өз баяндамасында вице-министр «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын қолдаудың жаңа институционалдық тетіктерін таныстырды. Оның айтуынша, бұл бастамалар саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, қайта өңдеу өндірістерін дамытуға және шикізат базасын нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ ол өсімдік және мал шаруашылығы арасындағы ықпалдастықты дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Азат Сұлтановтың айтуынша, мұндай өндірістік ықпалдастық ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға, жер және жемшөп ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде өндірілетін өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.
Форум қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жаңа жобаларды іске асыруға және өңірге инвестиция тарту қарқынын арттыруға бағытталған сегіз инвестициялық меморандумға қол қою рәсімі өтті.