ҚР АШМ фермерлерге ЕАЭО елдерінің ірі сауда желілерімен келісімшарттар жасауға көмектесуге ниетті

ҚР АШМ фермерлерге ЕАЭО елдерінің ірі сауда желілерімен келісімшарттар жасауға көмектесуге ниетті

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков еуразиялық интеграция аясында Қазақстанның АӨК дамуы туралы баяндады

Н.Дайырбековтың ақпараты бойынша, ағымдағы жылы ЕАЭО елдері экономикасындағы жалпы құлдырауға қарамастан, Қазақстанда агроөнім өндірісі 9 айда 5%-дық өсімді көрсетті. Ал ЕАЭО құрылған сәттен бастап АӨК өндірісі 13,4% - ға өсті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 еседен астам – $2,6 млрд-қа дейін өсті, ал импорт 7,5%-ға қысқарды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жеткізу көлемі 33,6% - ға өсті.

5 жыл ішінде Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарығына көкөністер экспортының көлемін 9 есе (2015 жылғы $5,5 млн-нан 2019 жылы $52 млн-ға дейін), жемістер экспортын 4,5 есе ($12 млн-нан $54 млн-ға дейін), сүт өнімдерін 2 есе ($32 млн-нан $63 млн-ға дейін) ұлғайтты.

"Бұл тек бастамасы ғана. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері мен терең қайта өңдеу өнімдері экспортының көлемін айтарлықтай арттыру бойынша үлкен әлеуетке ие", - деп атап өтті Н.Дайырбеков.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның экономикалық альянсқа кіруі отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көп пайда алып келді. Бұл өндірісті ұлғайтуды және АӨК өнімдерінің экспортын кеңейтуге ынталандырды.

Алайда, оң серпінге қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалуына байланысты мәселелер әлі де туындауда. Мұның себебі саудадағы сақталып отырған кедергілер мен тосқауылдар болып табылады, олардың барлығы әлі жойылған жоқ. Ол сәйкесінше ұлттық деңгейде сауда қозғалысын шектейтін ЕАЭО құқығындағы қолданыстағы сілтеме нормаларымен байланысты.

Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедергі бар. Олардың басым бөлігі фитосанитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларына тиесілі.

"Алдағы атқарылатын жұмыс шеңберінде біз кедергілерді жою жөніндегі шараларды жандандыруды, Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыруды, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізу және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және көтерме-тарату орталықтары жүйесін дамыту арқылы іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, АШМ жоспарларына ғылыми-инновациялық қызметтегі ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ АӨК саласында қажетті кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі іс-шараларды өткізу бөлігіндегі жұмыс кіреді", - деп толықтырды вице-министр.

 

Анықтама:

 

Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. ЕАЭО-бұл құрлықтың 1/6 бөлігін алып жатқан және Еуропа мен Азияны байланыстыратын аумағы 185 миллион халқы бар, ЖІӨ жиынтығы $2 трлн-нан асатын нарық.

Еуразиялық одақ 5 елдің экономикасын тұрақты дамыту үшін жағдай жасау, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, жан-жақты жаңғыртуды, кооперацияны қамтамасыз ету және ұлттық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылды.

ЕАЭО туралы Шартқа сәйкес АӨК саласында келісілген агроөнеркәсіптік саясат іске асырылуда, оның мақсаты мыналар болып табылады:

- ресурстық әлеуетті тиімді іске асыру;

- мүше мемлекеттердің субъектілері арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету;

- ортақ аграрлық нарыққа қол жеткізуге тең жағдай жасау.

Келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру 7 басым бағыт бойынша жүзеге асырылады:

- болжау;

- ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау;

- ортақ аграрлық нарықты реттеу;

- өндіріс және өнім айналымы саласында бірыңғай талаптарды қалыптастыру;

- экспортты дамыту;

- ғылыми-инновациялық даму;

- агроөнеркәсіптік кешенді интеграцияланған ақпараттық қамтамасыз ету.