
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қостанай облысына жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және заманауи сақтау инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған негізгі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Әсіресе, шикізат өндіруден қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшуді қамтамасыз ететін кәсіпорындар министрдің ерекше назарын аударды.
Жоғары технологиялы «КAIZEN» серіктестігі бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеуге маманданған. Кәсіпорын бұршақ, қызыл және жасыл жасымық, ноқат пен бидайдан өнімнің көптеген түрлерін шығарады. Зауыт жылына 180 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеуге қауқарлы. Өнім Ауғанстан, Түркия, Үндістан, Алжир және Қырғызстанға экспортталады.
Биыл кәсіпорын жылына 90 мың тонна макарон өнімдерін өндіретін жаңа өндіріс орнын салу жобасын іске асыра бастайды.
Жобаның құны – 7 млрд теңге.
«Бүгінде аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігі өндірілген өнім көлемімен ғана емес, оны терең өңдеу деңгейімен, заманауи сақтау өндіріс орындарымен және тиімді логистикалық мүмкіндіктерімен айқындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосылған құны жоғары өнім өндіретін өндірістерді қолға алатын инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деді министр.
Сондай-ақ Айдарбек Сапаров бір мезгілде 5,2 мың тонна өнім сақтауға арналған «Halyk Agro KST» серіктестігінің заманауи көкөніс қоймасының құрылыс барысымен танысты.
Аталған жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында биыл жеңілдетілген қаржыландыруға ие болған Қостанай облысындағы үш жаңа инвестициялық жобаның қатарына енді.
Қазіргі уақытта негізгі дайындық жұмыстары аяқталып, металл құрастырмалардың басым бөлігі орнатылды. Ғимараттың қаңқасын тұрғызу және технологиялық секцияларды монтаждау жұмыстары жалғасуда.
«Ең алдымен, “Кең дала 2” бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Бұл бағдарлама біздің кәсіпорынның дамуына тың мүмкіндіктер ашып, өндірістік қуатымызды едәуір ұлғайтуға және материалдық-техникалық базамызды нығайтуға жол ашты.
Осыдан бес жыл бұрын шаруашылығымыз шағын отбасылық кәсіп болатын. Бүгінде Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелі қолдауының арқасында өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жобаларға инвестиция салып келеміз. Мұндай қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, саланың тұрақты дамуына берік негіз қалайды», – деді «Halyk Agro KST» серіктестігінің директоры Бәкір Бекіров.
Айта кету керек, Қостанай облысы аграрлық саладағы инвестициялық әлеуетін кезең-кезеңімен арттырып келеді. 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасы аясында өңірде жалпы құны 553,1 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба жиынтығы жасалған.
2026 жылы жалпы құны 34,9 млрд теңгені құрайтын алты ірі нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде бес сүт- тауарлы фермасы мен азық-түлік өндіретін заманауи кешен бар.
Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланып келеді. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 569-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 52 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Нәтижесінде 662,5 мың гектар егіс алқабы қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді.
Саланы техникалық жаңғырту бағытында да ауқымды қолдау көрсетілуде. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша өңірде жалпы құны 40,7 млрд теңгеге 641 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған 499 келісімшарт жасалды.
Жалпы Қостанай облысының егіс алқабы 5,54 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 4 млн гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 887 мың гектарына майлы дақылдар, 559 мың гектарына мал азықтық дақылдар, ал 10,8 мың гектарына картоп егілген.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облыстағы аграршыларға жеңілдетілген бағамен 73,2 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Жұмыс сапарының қорытындысы аясында Айдарбек Сапаров бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мемлекеттік қолдаудың барлық негізгі құралдары қолжетімді екенін атап өтті.
«Ендігі негізгі жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Әрбір инвестициялық жобаның іске асырылуы, мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі уақытылы игерілуі, құрылыс нысандарының белгіленген мерзімде аяқталуы және өңірдің егін жинау науқанына сапалы дайындалу қатаң бақылауда болу керек», – деді министр.