Қостанай облысында озық агротехнологиялар мен отандық селекция жетістіктері таныстырылды

Қостанай облысында озық агротехнологиялар мен отандық селекция жетістіктері таныстырылды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қостанай облысындағы «Қазақ тұлпары» серіктестігінің демонстрациялық алқаптарында өтіп жатқан «Qostanai Dala Festivali – Jańa Dala / Green Day 2026» агрофестиваліне қатысты.

Халықаралық іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен ауыл шаруашылығы техникасы мен технологияларын өндірушілер, фермерлер, аграрлық ғылым өкілдері, бизнес қауымдастық, даму институттары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Агрофестиваль Мемлекет басшысы жүктеген агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғырту, отандық аграрлық ғылымды дамыту, инновацияларды жедел өндіріске енгізу және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыруға бағытталған.

«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені еліміз экономикасының жоғары технологиялық әрі бәсекеге қабілетті саласына айналуға тиіс екенін бірнеше рет атап өтті.

Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған бұрын-соңды болмаған қолдаудың нәтижесінде аграрлық сала үшінші жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Бұл – мемлекеттің жүйелі аграрлық саясатының, қаржыландырудың қолжетімділігін арттырудың, машина-трактор паркін жаңартудың, заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізудің және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажырлы еңбегінің нәтижесі», – деді министр агрофестивальдің ашылу рәсімінде.

Іс-шара барысында Айдарбек Сапаров сала үздіктеріне ведомстволық наградалар табыс етті.

Сондай-ақ министр “Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” серіктестігі ұсынған отандық селекцияның іріктелген сорттарының демонстрациялық егістіктерімен танысып, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтар, цифрлық платформалар, ұшқышсыз жүйелер көрмесін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларына арналған көрмені аралап көрді.

Агрофестивальдің іскерлік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту, ветеринариялық қызметті жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған салалық конференциялар, сарапшылық сессиялар мен дөңгелек үстелдер өткізілуде.

Агрофестивальді Қостанай облысының әкімдігі мен қазақстандық EXPO TIME компаниясы ұйымдастырды.