
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) базасында Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу атындағы халықаралық зертхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа ғылыми орталық KazNARU, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Чжэцзян университеті және Қытай ғылым академиясының Микробиология институты арасында жасалған ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум аясында құрылды.
Халықаралық зертхана Қазақстан мен Қытайдың биологиялық қауіпсіздік, микробиология және «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасы бағытындағы бірлескен ғылыми зерттеулерін жүзеге асыратын негізгі ғылыми алаң болмақ.
Зертханада жаңа және қайта таралып жатқан инфекциялық ауруларды зерттеу, зооноздық инфекцияларға мониторинг жүргізу, молекулалық диагностика мен геномдық зерттеулердің заманауи әдістерін әзірлеу және өндіріске енгізу, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған технологияларды жасау және жетілдіру жұмыстары жүргізіледі.
Халықаралық зертхананың ашылуы қазақстандық ғалымдарға Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеулер жүргізуге, озық технологиялар мен халықаралық ғылыми ынтымақтастық желілеріне қол жеткізуге жол ашады.
Бірлескен жобалар Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтып, биологиялық қауіпсіздік саласында озық ғылыми әзірлемелерді енгізуді жеделдетеді. Сонымен қатар бұл бастама отандық ғалымдардың денсаулық сақтау, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі бағытындағы жаһандық ғылыми міндеттерді шешуге белсенді қатысуына ықпал етеді.