
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумының I отырысы аясында сауда мен экспорттық кооперацияны дамытуға арналған панельдік сессия өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы қатысты.
Сессия барысында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы «Қазақстанның май-тоңмай саласы: жоспарлар мен перспективалар» тақырыбында баяндама жасап, онда соңғы бес маусым бойы Қазақстанның май өнімдерін Өзбекстан Республикасына жеткізу көлемінің тұрақты өскені атап өтілді.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның ішінде күнбағыс тұқымын өңдеу қуаты 4,4 млн тоннаны құрайды, бұл Өзбекстандағы өңдеу қуатынан жалпы алғанда 700 мың тоннаға жоғары. Ал 2028 жылға қарай жаңа зауыттарды іске қосу есебінен еліміздің өңдеу қуаты жылына 8 млн тоннаға дейін жеткізілмек.
2025/26 маркетингтік жылдың алғашқы тоғыз айында өсімдік майы мен күнжара/сығынды экспортынан түскен валюталық түсім рекордтық 944 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54%-ға жоғары. Ал маусым қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштің 1,15 млрд АҚШ долларынан асуы күтілуде.
Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстанға өсімдік майын жеткізуде көш бастап келеді. 2025 жылы қазақстандық өнімнің нарықтағы үлесі 90%-дан асты. Ал 2025/26 маркетингтік жылдың алғашқы тоғыз айында Өзбекстанға май мен күнжара экспорты 31%-ға өсіп, 553 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азия елдерінің күнбағыс күнжарасына деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр.
Жалпы, Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде 6-орында тұр. Алдағы уақытта еліміз әлемдегі жетекші үш экспорттаушының қатарына қосылып, саланың экспорттық түсімін 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қазақстандық май-тоңмай өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталып, өсімдік майы мен күнжара жеткізу бойынша өңірлік көшбасшылардың бірі саналады.
Форум аясында Қазақстан мен Өзбекстан бизнес өкілдерінің қатысуымен B2B форматындағы екіжақты кездесулер өтіп, олардың қорытындысы бойынша коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Ең ірі келісімдердің бірі – Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығына мүше Qazaq-Astyq Group май өңдеу зауыты мен Өзбекстанның Fayz Oil Imports компаниясы арасында 71,5 млн АҚШ долларына өсімдік майын жеткізу туралы келісім болды.
Форум аясында қол қойылған коммерциялық келісімдердің жалпы құны 174,8 млн АҚШ долларын құрады.