
Алматы облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты.
Осы ретте Мемлекет басшысы жүктеген ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи агротехнологияларды енгізу және агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударылды.
Министр сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығы, құрама жем өндірісі, бау-бақша шаруашылығы, сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қолға алынып жатқан тиімді жобалар мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі. Онда заманауи жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және отандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін кеңейту басты назарға алынған.
Министр ат басын бұрған алғашқы нысан өңірдегі ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Адал» агроөнеркәсіптік компаниясы» акционерлік қоғамы. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында аталған кәсіпорынға сүт-тауар фермасын кеңейту үшін мемлекеттен 1,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда мұнда тәулігіне 200 тоннаға дейін сүт өңделеді, сүт өнімдерінің көптеген түрлері шығарылады.
«Айдарбаев» шаруа қожалығында министр жүгері алқаптарын аралап, өткен жылы пайдалануға берілген құрама жем зауытының қызметін көрді.
Жобаға 1 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын балық пен ауыл шаруашылығы жануарларына арналған экструзияланған түйіршіктелген жем өндіріп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Одан кейін Айдарбек Сапаров ет бағытындағы ірі қара өсіруге маманданған «Агро Балтабай» серіктестігінің мал шаруашылығы кешеніне барды. Қазіргі уақытта бордақылау алаңында 6 мың бас ірі қара мал бар, тағы 3 мың бас жазғы жайылымға шыққан.
Жұмыс барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған маңызды жобаларға баса көңіл бөлінді.
Сапар барысында министрге «Qazaq Global Food JV» серіктестігінде құны 16,5 млрд теңгені құрайтын заманауи агроөнеркәсіптік кластер құру жөніндегі инвестициялық жоба таныстырылды. Жоба құрамында алма концентраты мен томат пастасын өндіретін зауыт, өңдеу қалдықтарынан жылына 1 мың тонна пектин шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ сұрыптау және буып-түю желілерімен жабдықталған, сыйымдылығы 30 мың тонналық заманауи жеміс қоймасы қамтылған.
Көзделген нысандарды 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен іске қосу нәтижесінде жыл сайын 70 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге жол ашылмақ. Сонымен қатар 58,8 млн АҚШ доллары көлемінде экспорттық табыс табу жоспарланған. Бұл Президенттің терең өңделген өнім үлесін арттыру және экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынуда.
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан басталған атақты Алматы апортын қайта жаңғырту жобасынығ қазіргі жағдайын тексерді. Онда жоғары сапалы отырғызу материалы өсірілуде. Өткен жылдың ақпан айында 0,5 гектар аумақта қысқы телу (копуляция) жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда 2 080 көшет өсірілді. Алдағы жылы апорт бақтарының аумағын 110 гектарға дейін жеткізу межеленген.
Осыдан кецін министр «Баймене» серіктестігіне барды.
Кәсіпорында 2016 жылдан бері су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы қарқынды алма бақтары табысты нығайып келеді. Бақтың жалпы аумағы 110 гектарға жеткен, ал өнімділігі гектарына 45–50 тоннаны құрайды. Сонымен қатар мұнда сағатына 5 тоннаға жететін жеміс өңдеу зауыты іске қосылған. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі – 6,8 млрд теңге.
Одан әрі министр бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, отандық бау-бақша шаруашылығын әрі қарай дамыту, инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету және отырғызу материалы өндірісін ұлғайту мәселелері талқылады. Сала өкілдерінің айтуынша, кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстанның бау-бақша шаруашылығы жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Жыл сайын өндірілетін көшеттер саны 300 мың данаға жеткен.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе Айдарбек Сапаров министрлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу дамыту және агросекторға заманауи технологияларды енгізу шараларын жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.
«Мемлекеттік қолдау ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті жағдай қалыптастырады. Біздің міндетіміз – қайта өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту, заманауи технологияларды енгізуге және отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында қолдау көрсету», – деді министр.