ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру тетігін жетілдіруде

ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру тетігін жетілдіруде

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылдан бастап қолданыстағы бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру және сақтандыру шеңберінде субсидиялау тетігін қолға алып келеді. Бұл кредиттік тәуекелдерге кепілдік беру жүйесін қолдауға бағытталған және кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама шеңберінде кепілдік беру функциясын жүзеге асыратын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» есебінен кредит сомасының 85%-ына дейін мемлекеттік кепілдік беріледі.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту және мемлекеттік кепілдік тетігінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 15 шілдедегі №280 бұйрығымен Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру және сақтандыру шеңберінде субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Аталған өзгерістер кредиторлар тізбесін кеңейтуді, атап айтқанда оған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды енгізуді көздейді.

Енді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік кепілдікпен берілетін кредиттерді екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да ала алады. Мемлекеттік кепілдіктер мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға берілетін қарыздар бойынша қарыз сомасының 85%-ына дейін ұсынылады.

Қабылданған өзгерістер агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыруға, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және агроөнеркәсіптік кешенде жаңа жобалардың іске асырылуына ықпал етеді.