
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен кеңес өтіп, фитосанитариялық қауіпсіздікті күшейту және фитосанитариялық бақылау жүйесін жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Кеңесте ел өңірлері арасында аса қауіпті зиянды организмдердің, өсімдік аурулары мен карантиндік арамшөптердің таралуына жол бермеуге баса көңіл бөлінді.
АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков еліміз көлемінде карантинге жатқызылған өнімдерді тасымалдау кезінде карантиндік сертификатты міндетті түрде енгізу бағытындағы жоспарлы жұмыстар туралы баяндады.
Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын толық қадағалауды қамтамасыз етумен қатар, карантиндік ошақтардың пайда болу қаупін төмендетуге жол ашады.
Сондай-ақ халықаралық тасымалдар кезінде электрондық фитосанитариялық сертификатты енгізу, сондай-ақ «БАБЖ» ақпараттық жүйесі арқылы карантиндік зертханалардың жұмысын автоматтандыру жоспарланып отыр.
«Деректермен жедел алмасуды қамтамасыз ету үшін фитосанитариялық бақылау бекеттері интернет желісіне қосылды. Фитосанитариялық сараптаманы ақылы негізге көшірудің нәтижесінде зертханалардағы қызметкерлер саны 254 адамға көбейіп, жалпы саны 372 штат бірлігіне жетті. Сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы өсіп, зертханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды және фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жанынан жаңа нысандар салынды», – деді Сәкен Қаныбеков.
Қазіргі уақытта еліміздегі 21 карантиндік фитосанитариялық зертхананың тоғызы ПТР-диагностикалық жабдықтармен жарақтандырылған. Биыл Шымкент, Қостанай және Көкшетау қалаларындағы зертханалар ПТР-диагностикалық кешендермен жабдықталады. Ал келер жылы Павлодар, Тараз қалаларында және «Бақты» фитосанитариялық бақылау бекетінде іске қосылады. Сондай-ақ негізгі өткізу бекеттерінде тағы 10 зертхана ашу жоспарланып отыр.
Жалпы Қазақстанда карантиндік объектілер таралған аумақ 2021 жылғы 61,9 мың гектардан 2026 жылы 46,5 мың гектарға дейін қысқарған.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында карантинге жатқызылған импорттық өнімдерді әкелу кезінде 1 530-дан астам заң бұзушылық анықталып, әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 200,2 млн теңгені құрады.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жүйесі де жетілдірілуде. Қызметтерді сатып алу бірыңғай кешенді лотқа көшіріліп, соның нәтижесінде бюджет қаражаты 2 млрд теңгеге үнемделді. FITOCENTRE геоақпараттық жүйесін (ГАЖ) пайдалану, 103 дронды іске қосу және бүрку техникасы паркін 427 бірліктен 556 бірлікке дейін ұлғайтудың арқасында шегірткеге қарсы қорғаныш өңдеу жүргізілген алаң 2024 жылғы 3,1 млн гектардан 2026 жылы 1,8 млн гектарға дейін қысқарды.
Комитет құрылымында асыл тұқымды мал шаруашылығы, астық және тұқым инспекциясы саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасы құрылды. Сонымен қатар тұқым шаруашылығы туралы заңнамаға аудандық деңгейдегі мемлекеттік бақылауды күшейтуді және генетикалық модификацияланған тұқымдардың айналымын бақылауды күшейтуді көздейтін түзетулер әзірленді.
Кеңесті қорытындылай келе, министр шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық ахуалға бақылауды күшейтуді, 2027 жылға үйірлі шегіртке зиянкестерінің таралу болжамын әзірлеуді және карантинге жатқызылған импорттық өнімдерге бақылауды одан әрі күшейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
«Фитосанитариялық бақылауды күшейту – ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Біздің міндетіміз – аграршылардың егістіктерін зиянды организмдерден қорғауды қамтамасыз ететін әрі отандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сенімді арттыратын ашық цифрлық жүйе қалыптастыру», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.