Айдарбек Сапаров Қазақстандағы алғашқы толық циклді мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты

Айдарбек Сапаров Қазақстандағы алғашқы толық циклді мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Кездесуде мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мәселелері талқыланды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграршыларға мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды құралдары ұсынылуда. Бұл шаралар ел экономикасына нақты нәтиже беріп, өндіріс көлемінің артуына және саланың одан әрі дамуына ықпал етуі тиіс», – деді Айдарбек Сапаров.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін белсенді пайдаланып келеді.

«Кең дала» бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын 1 327 өтінім мақұлданды. Ал «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша 625 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге шарттар жасалды.

2026 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 917 мың гектарды құрады. Өңір мақта, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру бойынша еліміздегі жетекші аймақтардың бірі саналады әрі өсімдік шаруашылығының ірі орталықтарының бірі болып қала береді.

Кездесу барысында мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Министр Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында өндірістің барлық кезеңіне арналған жеңілдетілген қаржыландыру шаралары қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламаларының іске асырылуы жалғасуда.

Жұмыс сапары барысында министр Қазақстандағы алғашқы толық циклді мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС жобасының жалпы құны 146,8 млрд теңгені құрайды.

Биыл мақта 50 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы егілді. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және климаттың өзгеруі жағдайында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында жасанды интеллект негізіндегі заманауи цифрлық шешімдер енгізілген. Бұл шешімдер өндірістік процестерді басқаруға, егіс алқаптарын бақылауға, су пайдалану көлемін, топырақ ылғалын және егістіктің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кешен дайын өнімді сақтауға арналған заманауи қоймалармен жабдықталған.

Жоба аясындағы өндіріс шикізатты терең әрі қалдықсыз өңдеу қағидаты негізінде ұйымдастырылған. Өндірілген мақта талшығы Түркістандағы кәсіпорында жіп пен мата өндіруге пайдаланылады, ал өнімнің бір бөлігін Еуропа мен Қытай нарығына экспорттау жоспарланған. Өңдеу барысында алынатын жанама өнімдер ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем өндіруге пайдаланылады.

Қазіргі уақытта жоба аясында екі мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Олардың жиынтық қуаты жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді.

Айдарбек Сапаров сондай-ақ Сауран ауданындағы «Датка» шаруа қожалығында болды. Мұнда тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, отандық мақта сұрыптарын өсіру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 250 гектар алқапта іске асырылып жатыр, инвестиция көлемі – 500 млн теңге.

Заманауи технологиялардың арқасында мақтаның өнімділігі 2024 жылғы гектарына 35 центнерден 2025 жылы гектарына 50 центнерге дейін артты. Биыл шаруашылық бұл көрсеткішті гектарына 60 центнерге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.