«Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесіне 26 елден компаниялар қатысуда

«Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесіне 26 елден компаниялар қатысуда

Ақмола облысында мемлекеттік органдардың, агробизнес өкілдерінің, ғылыми орта, халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктестердің басын қосқан «Jańa Dala / Green Day ‘2026» халықаралық мамандандырылған көрме-демонстрациясы өз жұмысын бастады.

Іс-шараға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, дипломатиялық корпус, салалық қауымдастықтар, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.

Биыл көрмеге әлемнің 26 елінен 200-ден астам компания қатысуда. Демонстрациялық алаңда 500-ден астам заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы, цифрландыру, жасанды интеллект, дәлме-дәл егіншілік және аграрлық ғылым салаларындағы инновациялық шешімдер таныстырылуда.

Ашылу салтанатында Азат Сұлтанов Қазақстанның ауыл шаруашылығы соңғы екі жыл қатарынан жоғары нәтижелер көрсетіп, саланың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

«Соңғы екі жылда заманауи агротехнологияларды қолдану айтарлықтай артты. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге өсіп, 1,8 млн тоннаға жетті. Элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 11,6%-ға дейін ұлғайды. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шамамен 25 мың бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, ал машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ға жетті», – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол биыл егіс алқаптарының жалпы көлемі 23,8 млн гектарды құрағанын айтты. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасып, жеңілдетілген дизель отыны, минералды тыңайтқыштар, тұқым және өсімдіктерді қорғау құралдары уақытылы жеткізілді. Агроөнеркәсіп кешенін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 трлн теңге деңгейінде сақталды.

Азат Сұлтановтың айтуынша, саланың негізгі міндеттерінің бірі – еліміздің оңтүстік өңірлерінде басталып кеткен егін орағына тыңғылықты дайындалу.

Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын цифрландыру, жасанды интеллектті қолдану, органикалық өндірісті дамыту, халықаралық ынтымақтастық, мал шаруашылығындағы заманауи технологиялар және кадр даярлау мәселелеріне арналған аграрлық форумдар, конференциялар мен тақырыптық сессиялар өткізілуде.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Көрме аясында ет бағытындағы ірі қара мал тұқымдары арасындағы ұлттық конкурс, «Үздік техник-ұрықтандырушы» кәсіби шеберлік байқауы, асыл тұқымды мал аукциондары, сондай-ақ асыл тұқымды мал өсіру мен көбейтуге арналған заманауи технологиялардың көрсетілімдері ұйымдастырылған.

Келушілерге заманауи ауыл шаруашылығы техникасының, агродрондардың, тракторлар мен жабдықтардың көрсетілімдері ұсынылып, инновациялық шешімдердің тиімділігін тікелей егіс алқабында бағалауға мүмкіндік берілуде.

«Jańa Dala / Green Day ‘2026» халықаралық мамандандырылған көрмесі 17 шілдеге дейін жалғасады.