Биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы аграршыларды қолдауға 60 млрд теңгеден астам қаржы бөледі

Биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы аграршыларды қолдауға 60 млрд теңгеден астам қаржы бөледі

2026 жылдың алғашқы жарты жылдығында ұлттық оператор фермерлік шаруашылықтардың шоттарына 51,6 млрд теңге аударды. Форвардтық келісімшарттар толық орындалып, жеткізілген өнім үшін түпкілікті есеп айырысу жүргізілгеннен кейін аграршыларды қаржыландырудың жалпы көлемі 65,7 млрд теңгеге жетпек.

Бұл ретте қаржыландырудың едәуір бөлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» меншікті айналым қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр. Соңғы екі жылда мемлекет ұлттық астық операторының жарғылық капиталын толықтыруға қаражат бөлген болатын. Қазіргі таңда бұл қаражат қайта айналым қағидаты бойынша тиімді пайдаланылып келеді.

«Бұған дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» капиталын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік инвестициялар бүгінде өз тиімділігін көрсетуде. Келісімшарттар орындалып, ауыл шаруашылығы өнімдері өткізілгеннен кейін қаражат қайта айналымға түсіп, аграршыларды қаржыландыруға қайта бағытталады. Мұндай тетік бюджетке қосымша салмақ түсірмей-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жыл сайын қолдауға және қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.

Қайта айналымға түскен қаражат ең сұранысқа ие тетіктер – ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей сатып алу және көктемгі егіс жұмыстарын форвардтық қаржыландыру бағдарламаларын іске асыруға арналмақ.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей сатып алу бағдарламасы аясында фермерлік шаруашылықтар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» 191,8 мың тонна дәнді және майлы дақыл өткізді. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен (92,9 мың тонна) екі есе көп. Бағдарламаға дәстүрлі түрде астықты өңірлердің аграршылары белсенді қатысты. Жалпы ұлттық операторға 257 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден бидай, арпа, күнбағыс және майлы зығыр жеткізуге өтінім келіп түсті. Тікелей сатып алу шарттары аясында фермерлердің шоттарына 20,3 млрд теңге аударылды.

Көктемгі егіс жұмыстарын форвардтық қаржыландыру бағдарламасына тағы 172 ауыл шаруашылығы құрылымы қатысып, 471 мың тонна дәнді және майлы дақыл жеткізуге келісімшарт жасасты. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының шаруашылықтары негізінен үшінші сыныпты бидай жеткізуге міндеттенсе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының фермерлері күнбағыс тапсырады. Биыл көктемде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді аванстық қаржыландыруға 31,3 млрд теңге бағытталады. Егін жиналғаннан кейін төленетін қосымша қаражатты ескергенде, қаржыландыру көлемі 40 млрд теңгеден асады.

Сонымен қатар форвардтық бағдарлама табыстылығы жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін ынталандыруға ықпал етіп отыр. Егер 2025 жылы фермерлермен күнбағыс, майлы зығыр және рапстың 36 мың тоннасын жеткізуге алдын-ала келісімшарттар жасалса, 2026 жылы бұл көрсеткіш үш есеге артып, 94,9 мың тоннаға жетті. Келісімшарттарға сәйкес, егін жиналғаннан кейін 37,8 мың тонна күнбағыс тұқымын, 51,5 мың тонна майлы зығыр тұқымын және 5,6 мың тонна рапс жеткізу жоспарланып отыр.

Осылайша, тікелей сатып алу және форвардтық қаржыландыру тетіктері бір мезгілде бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Олар аграршыларды қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің стратегиялық астық қорын қалыптастыруға да жол ашады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл сайын сатып алу арқылы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мемлекеттік астық ресурстарын жаңартады, мал және құс шаруашылығына арналған жемдік қорды қалыптастырады, сондай-ақ ұн тарту және өзге де қайта өңдеу кәсіпорындарының қажеттілігі үшін астық резервін жасақтайды.