Балық шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері ведомстволық наградалармен марапатталды

Балық шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері ведомстволық наградалармен марапатталды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған сала ардагерлері, балық өсіру және қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары, Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері және басқа да сала өкілдері қатысты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы балық шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңызы бар салаларының бірі екенін және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Соңғы бес жылда салаға шамамен 50 млрд теңге инвестиция тартылып, 95 инвестициялық жоба іске асырылды. Акваөсіруді одан әрі дамыту мақсатында мемлекет тарапынан инвестициялық субсидиялар, жеңілдетілген несиелеу секілді қолдау шаралары көрсетілуде. Сондай-ақ биыл күшіне енген «Акваөсіру туралы» заңда көзделген жаңа тетіктер іске қосылды.

Атап айтқанда, айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5%-бен және инвестициялық жобаларды іске асыруға 6%-бен несие беру, балық өсіру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға мүмкіндік жасау, сондай-ақ инвестициялық жобаларға балық шаруашылығы учаскелерін конкурс өткізбей беру қарастырылған.

2026–2030 жылдарға арналған жалпы құны шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаның тізбесі жасақталды. Оларды іске асыру балық өсіру көлемін ұлғайтуға, балық өнімдерін қайта өңдеуді кеңейтуге және жылына 30 мың тоннаға дейін балық жемін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі балық шаруашылығы саласындағы жетістіктер – сіздердің көп жылғы қажырлы еңбектеріңіз бен өз ісіңізге деген адалдықтарыңыздың нәтижесі. Осы маңызды салада еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында балық шаруашылығы алдағы уақытта да қарқынды дами беретініне сенімдімін. Барша сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары кәсіби шеберліктеріңіз және саланың дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді вице-министр.

Балық шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі, жоғары кәсібилігі және көп жылғы адал еңбегі үшін сала өкілдерінің алтауы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Олардың қатарында «Каспий таң» өндірістік кооперативінің кеме капитаны Төлеген Доспаев, «Морепродукты Актау» ЖШС-нің технологы Жанарай Мұсылманова, Қамыстыбас балық питомнигінің бас балық өсірушісі Шынболат Күлмашев және басқа да сала қызметкерлері бар.

«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі сегіз маманға табысталды. Олардың қатарында «Жолдасбек» шаруа қожалығының балық өсіру технигі Бақытгүл Пазылова, «Каспий Балық» өндірістік кооперативінің инженер-балық өсірушісі Жәнібек Жанилтпашев, Петропавл балық питомнигінің тоған шаруашылығының балық өсірушісі Игорь Носов және өзге де сала мамандары бар.

Сондай-ақ салтанатты іс-шара барысында бірқатар қызметкерге Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамоталары табысталды.