Еңбек адамы. Балалық арманмен ұштасқан еселі еңбек

Еңбек адамы. Балалық арманмен ұштасқан еселі еңбек

Ветеринария қызметкері күні қарсаңында біз жануарлар саулығын сақтауды өмірлік мұратына айналдырып, өңірдің ветеринария саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген маман – Қарлығаш Төленқызы Бошанбекованың еңбек жолына тоқталамыз.

Оның өмір жолы – мамандыққа деген сүйіспеншілік пен адалдықтың, жауапкершілік пен табандылықтың айқын көрінісі.

Қарлығаш Төленқызының ветеринарияға қызығушылығы бала күнінен басталған. Ол ауылда өсіп, төрт түлікке күтім жасаудың қыр-сырын жастайынан көріп өсті. Ал бұл мамандықты таңдауына ветеринар дәрігер болып еңбек еткен әпкесі ерекше ықпал еткен.

«Әпкемнің сырқаттанған жануарларды емдеп, оларға көмектескенін қызыға бақылап жүретінмін. Сол кездің өзінде бұл мамандықтың қаншалықты маңызды әрі ізгі екенін түсіндім. Кейін оның жолын жалғастыруды мақсат еттім», – дейді кейіпкер.

Студенттік жылдарын Қарлығаш Төленқызы ерекше сүйіспеншілікпен еске алады. Айтуынша, ветеринария – тек теориялық біліммен шектелмейтін, мол тәжірибе мен ұқыптылықты, үлкен жауапкершілікті талап ететін сала.

«Оқу кезінде тәжірибелік сабақтарға ерекше мән берілді. Біз әрбір әрекетіміз тіршілік иесінің өмірімен байланысты екенін жақсы түсіндік. Сол жылдары кәсіпке алғашқы негіз қалыптасып, мамандығыма деген қызығушылығым одан әрі арта түсті», – дейді ветеринар маман.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Жамбыл облысында бастаған. Алғашқы жұмыс орны – күркетауық өсіруге маманданған ірі құс шаруашылығы. Осында кәсіби тәжірибе жинақтап, өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерді.

2015 жылдан бері Қарлығаш Төленқызы Павлодар облысының ветеринария саласында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол эпизоотиялық ахуалды бақылау, профилактикалық іс-шараларды үйлестіру және ветеринарияға цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстармен айналысады. Қажет болған жағдайда шаруашылықтарға барып, әріптестеріне тәжірибелік көмек көрсетуден ешқашан бас тартпайды.

«Әріптестеріме қолдау керек болса, қастарынан табылып, вакцинация жүргізуге, малды тексеруге және әріптестеріме қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын», – дейді Қарлығаш Төленқызы.

Өңірде ветеринариялық профилактикалық жұмыстар белгіленген талаптарға сай жүйелі түрде жүргізіледі. Зертханалық талдаулар үшін биологиялық сынамалар тұрақты түрде алынып, жануарларға жоспарлы вакцинация бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Атқарылған барлық ветеринариялық іс-шаралар арнайы ақпараттық жүйеде тіркеледі. Бұл ветеринариялық қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп, цифрлық бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ветеринар маманының күнделікті еңбегі көпшілікке көзге көріне бермеуі мүмкін. Алайда оның артында терең білім, мол тәжірибе, жауапкершілік пен жануарларға деген шынайы жанашырлық жатыр. Осындай өз ісіне адал мамандардың арқасында өңірдегі ветеринариялық жағдай тұрақты, мал шаруашылығының қауіпсіздігі қатаң бақылауда, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені тұрақты даму жолында деп сеніммен айтуға болады.