Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және елдің ветеринариялық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.
Жетісу облысында 2026–2030 жылдарға арналған ветеринариялық қызметті дамытудың кешенді жоспары аясында ветеринариялық инфрақұрылым ауқымды түрде жаңғыртылуда. Облыс құрылғаннан бері 66 жаңа ветеринариялық пункт пен бір ветеринариялық станция пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін тағы 16 ветеринариялық пункт пен төрт ветеринариялық станцияны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде облыс ветеринариялық инфрақұрылым нысандарымен толық қамтамасыз етіледі.
Малды бекітуге арналған құрылғылармен жабдықталған жаңа ветеринариялық пункттер мен ветеринариялық станциялар облыстың сегіз ауданында салынады. Бес ауданда биологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін 10 мал қорымы бой көтереді. Вакцинациялау, сырғалау, ветеринариялық тексерулер және басқа да профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін сегіз ауданның әрқайсысында ірі және ұсақ малды, сондай-ақ жылқыларды қауіпсіз бекітуге арналған екі кешеннен салынады.
Ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы төрт жылда облыстың ветеринариялық мекемелері 83 жаңа автокөлікпен, 100 фармацевтикалық тоңазытқышпен, 102 термосөмкемен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Саланы цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Бірыңғай электрондық деректер базасына 2,8 миллион бас ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлімет енгізілді. Бұл есепке алу мен бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Маңызды бағыттардың бірі – ветеринария саласы мамандарын әлеуметтік қолдау. Соңғы жылдары бүгінде шамамен 1 050 адам еңбек ететін ветеринариялық қызмет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге жуық өсті.
Қабылданып жатқан кешенді шаралар өңірдегі тұрақты эпизоотиялық ахуалды сақтауға ықпал етуде. Жыл басынан бері облыста шамамен 6,1 миллион бас ауыл шаруашылығы жануарына вакцина салынды, ал жоспарлы диагностикалық зерттеулер толық көлемде және белгіленген мерзімде жүргізілуде.
Заманауи ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру мал шаруашылығын одан әрі дамытуға берік негіз қалайды. Бұл сондай-ақ Кешенді жоспардың негізгі көрсеткіштерінің бірі – 2030 жылға қарай Жетісу облысындағы ауыл шаруашылығы жануарларының санын 3,2 миллион басқа жеткізу мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары еліміздің басқа өңірлерінде де жүйелі түрде жалғасуда. Мәселен, Ұлытау облысында 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес көзделген 22 модульдік ветеринариялық нысанның құрылысы толық аяқталды. Жобаны іске асыруға 570 миллион теңге бөлінді. Осылайша өңір ветеринариялық инфрақұрылым нысандарының құрылысын биыл толық аяқтаған еліміздегі алғашқы өңір атанды.
Салынған ветеринариялық пункттер Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Олар биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізуге, жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуының алдын алуға және қолайлы эпизоотиялық ахуалды сақтауға мүмкіндік береді. Барлық жаңа нысан мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың қарауына беріліп, бүгінде ветеринариялық қызмет көрсетуге пайдаланылып отыр.