
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Halyk агроөнеркәсіп кешенінің цифрлық экожүйесін (Е-АӨК) дамытуға бағытталған стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Келісім саланы цифрлық трансформациялау жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді, аграршыларға арналған мемлекеттік сервистерді дамытуды, сондай-ақ деректерді талдау технологиялары мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды көздейді.
«Министрлік агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялау жөніндегі жұмысты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Halyk-пен әріптестік жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жеделдетуге, деректерді талдау мен жасанды интеллектің әлеуетін тиімді пайдалануға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдететін әрі ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыратын сервистерді әзірлеуге жол ашады», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин.
«Банк секторы цифрлық трансформацияға бағытталған мемлекеттік бастамаларды іске асыруда әрдайым сенімді серіктес болып келеді. Бұл ынтымақтастық ауыл шаруашылығына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді жеделдетуге, аграршыларға арналған мемлекеттік сервистердің қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыруға, сондай-ақ саланың жалпы тиімділігін көтеруге ықпал етеді деп сенеміз», – деді Halyk Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Даурен Сартаев.
Келісім аясында тараптар агроөнеркәсіп кешенінің ақпараттық жүйелерін бірлесіп дамыту және жаңғырту, деректерді өңдеудің заманауи технологиялары мен жасанды интеллект құралдарын енгізу, сондай-ақ жаңа цифрлық сервистерді әзірлеу жөнінде уағдаласты.
Цифрлық мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.