Қазақстанда вируссыз тұқымдық картопты өнеркәсіптік өндірудің толық циклді алғашқы жобасы іске қосылды

Қазақстанда вируссыз тұқымдық картопты өнеркәсіптік өндірудің толық циклді алғашқы жобасы іске қосылды

Жоба Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Оңтүстік Кореяның Vitrosys Agricultural Incorporation компаниясы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Іс-шара барысында тараптар жобаны бірлесіп іске асыру жөніндегі құжаттарға қол қойып, оны практикалық тұрғыда жүзеге асыруға кірісті.

Жоба Қазақстанда вируссыз тұқымдық картоп өндірудің алғашқы толық интеграцияланған жүйесін құруды көздейді. Жүйе зертханалық жағдайда вируссыз өсімдіктерді алу мен диагностикалаудан бастап, мини-түйнектер мен жоғары репродукциялы тұқымдық картоп өндіруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10 млн АҚШ долларына дейін жетеді. Бұл қаражат заманауи жабдықтарды жеткізуді, технологиялар трансфертін және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды қамтиды. Оңтүстік Корея тарапы вируссыз in vitro өсімдіктерін жедел әрі жаппай көбейту технологияларын, сондай-ақ картоптың мини-түйнектерін сауықтыру және өндіру технологияларын енгізуді қамтамасыз етеді.

Жоба жоғары сапалы тұқымдық материал алудың негізгі шарты болып табылатын картоп сорттарының генетикалық әлеуетін сақтауға, оларды сауықтыруға және жедел көбейтуге мүмкіндік беретін заманауи биотехнологияларды қолдануға негізделген.

Жобаны іске асыруға Қазақстан мен Корея Республикасының ғалымдары қатысады. Бірлескен жұмыс озық биотехнологияларды енгізуге, өндірістік үдерістерді Қазақстан жағдайына бейімдеуге және заманауи тұқым шаруашылығы саласындағы отандық мамандарды даярлауға бағытталады.

Бүгінде Қазақстанның сапалы тұқымдық картопқа деген жылдық қажеттілігі шамамен 450–480 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 1,6–1,9 мың тоннасы — түпнұсқалық тұқымдар, ал 11–12 мың тоннасы — элиталық тұқымдар. Қолданыстағы өндірістік қуаттар ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге әзірге жеткіліксіз. Жоба толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін G1, G2 және G3 санаттарындағы тұқымдық картопқа деген ел қажеттілігін толық дерлік қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жол картасына сәйкес, 2027 жылы 200 мың вируссыз in vitro өсімдігін өндіру және шамамен 1,2 млн мини-түйнек алу жоспарланып отыр. 2028 жылы G1 санатындағы тұқымдық картоп өндірісі шамамен 1,2 мың тоннаны, 2029 жылы 1,5 мың тоннаны құрайды. Ал 2030 жылы жоба толық өндірістік қуатына шығып, жыл сайын шамамен 3,9 мың тонна G1 санатындағы тұқымдық картоп өндіретін болады.