Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға 534 млрд теңгеден астам инвестиция салынады

Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға 534 млрд теңгеден астам инвестиция салынады

Түркістан облысында жалпы құны 534,2 млрд теңгені құрайтын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салу бойынша үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Олар Қазақстанның маусымаралық кезеңдегі жаңа піскен көкөніске деген сұранысын толық қамтамасыз етпек.

Жылыжай кешендері пайдалануға берілген соң өңірдегі жылыжай өнімінің өндірісі жылына 102 мың тоннаға артады. Сонымен қатар 1 225 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бүгінде Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша еліміздегі көшбасшы өңір саналады. Облыстағы жабық топырақтың жалпы аумағы 1006,7 гектар. Бұл – республикадағы жалпы көрсеткіштің 72 пайызы. Өткен жылы өңірдің жылыжай кешендерінде 113 мың тоннадан астам көкөніс өндіріліп, маусымаралық кезеңде ішкі нарықтағы сұраныстың 45 пайызы қамтамасыз етілді.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында өңір диқандары жылыжайларда өсірілген 38,2 мың тонна өнім жинады.

Дәстүрлі көкөніс дақылдарының өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өңірдегі жылыжай шаруашылықтары заманауи технологияларды белсенді енгізіп, жоғары рентабельді өнім өндіруге бет бұруда. Облыста жабық топырақ жағдайында субтропикалық дақылдар мен жидектерді өсіру жолға қойылған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде 13 мың тонна құлпынай, 3,2 мың тонна лимон және 550 тонна банан өсірілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жылыжай шаруашылығын дамыту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту және заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында кешенді жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді.