Мал шаруашылығы саласы мен ветеринария қызметінің үздік мамандары марапатталды

Мал шаруашылығы саласы мен ветеринария қызметінің үздік мамандары марапатталды

Астанада мал шаруашылығы саласы мен ветеринария қызметінің үздік мамандарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Отандық мал шаруашылығын, ветеринарияны дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері, агроқұрылымдар өкілдері мен агроөнеркәсіп кешенінің ардагерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Жиыны 68 адам жоғары марапатқа ие болды.

Премьер-Министрдің атынан Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «QAZAQ AQBAS ұлттық қазынасы» кітабы авторларының бірі, Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасы кеңесінің мүшесі Қуаныш Сүлейменовке көп жылғы адал еңбегі және отандық мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденін табыстады.

Сонымен қатар, саланың тағы 19 өкілі Премьер-Министрдің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Жамбыл облысының зоотехнигі Нұрмахан Егембердиев, Қарағанды облысының механизаторы Нұрлан Исабеков, Павлодар облысының малшысы Александр Аслонов және Ұлытау облысының малшысы Әміржан Аманов бар.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомстволық наградаларды табыстап, мал шаруашылығы мен ветеринария қызметі агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық маңызды бағыттары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл салалар мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруда ерекше рөл атқарады.

«Сіздердің еңбектеріңіз үлкен жауапкершілік пен іске адалдықты талап етеді. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіздің арқасында эпизоотиялық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, мал басы сақталып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі нығая түсуде. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, жас мамандарды тәрбиелеуге еңбек сіңірген сала ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», – деді министр.

«Еңбек ардагері» медалімен саланың 23 ардагері марапатталды. Олардың қатарында Ақмола облысының мал өсірушісі Любовь Барсукова мен Жетісу облысының малшысы Бегалы Есалинов бар. Ал «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі 19 қызметкерге табысталды. Олардың ішінде Жетісу облысының малшысы Жанар Шаншарбаева мен Батыс Қазақстан облысының шопаны Болат Тәжімов те бар.

Мал шаруашылығы саласы мен ветеринария қызметінің үздік өкілдерін марапаттау рәсімдері өңірлерде де жалғасады.