«Заң және тәртіп»: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде мемлекеттік қызметшілерге арналған құқықтық семинар өтті

«Заң және тәртіп»: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде мемлекеттік қызметшілерге арналған құқықтық семинар өтті

Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Заң және тәртіп: құқықтық мәдениетті нығайту және деструктивті құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және жеке жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жалпыұлттық «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Семинарға министрлік қызметкерлері, құқық саласының сарапшылары, сондай-ақ «Esbol Qory» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.

Семинар барысында Ата Заңның негізгі қағидалары, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттерін сақтау, сондай-ақ құқықтық мемлекетті нығайтудағы мемлекеттік қызметшілердің рөлі жан-жақты талқыланды.

Қоғамдық қор өкілі лудоманияның алдын алу мәселесіне арналған баяндама жасап, ойынға тәуелділіктің туындау себептері, оның жеке тұлғаға, отбасыға және кәсіби қызметке тигізетін кері әсері, сондай-ақ оның алдын алу шаралары мен білікті көмек алу мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады.

Сонымен қатар, семинарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптары, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тетіктері, мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулерді сақтау, сондай-ақ адалдық пен қызметтік әдеп қағидаттарын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.

Семинар қорытындысында қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыруға, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлықтың, ойынға тәуелділіктің және өзге де деструктивті құбылыстардың алдын алуға, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайтуға бағытталған кешенді алдын- алу жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.