ЕАДБ «Азық-түлік корпорациясына» 100 млн АҚШ доллары көлемінде кредиттік желі ашады

ЕАДБ «Азық-түлік корпорациясына» 100 млн АҚШ доллары көлемінде кредиттік желі ашады

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) 100 млн АҚШ доллары көлемінде кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойды.

Қаражат ұлттық астық операторының өз жобаларын іске асыруға, сондай-ақ фермерлерді қаржыландыруға, басым ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруді ынталандыруға және ішкі нарықты өсімдік шаруашылығы өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталмақ.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мен ЕАДБ арасындағы ынтымақтастық Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ел экономикасының өсіміне серпін беретін негізгі салалардың бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған.

Келісімге халықаралық инвестициялар мен Еуразия өңірінің даму перспективаларына арналған бизнес-форум аясында қол қойылды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Илдар Исмагуловтың айтуынша, тартылатын қарыз ұлттық оператордың аграрлық секторды қолдау жөніндегі қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

«Біз ЕАДБ-ға стратегиялық әріптестігі үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл “Азық-түлік келісімшарт корпорациясына” Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік институт ретінде көрсетілген сенімнің айқын көрінісі», – деді ол қол қою рәсімінде.

ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов бұл келісім аталған корпорациямен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың заңды жалғасы екенін атап өтті.

«ЕАДБ үшін қатысушы мемлекеттер экономикаларының орнықты дамуына, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау арқылы үлес қосу маңызды», – деді ол.

Айта кетейік, 2025 жылғы қазанда халықаралық Moody’s Ratings рейтингтік агенттігі «Азық-түлік корпорациясының» кредиттік рейтингі бойынша болжамды «тұрақтыдан» «оңға» дейін жақсартты. Бұл ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығының нығайғанын көрсетеді.