
Түркістан облысының Келес ауданында интенсивті бау шаруашылығын дамытуға бағытталған бірегей жоба жүзеге асырылуда. «Нұржан» шаруа қожалығы шетелден әкелінген жеміс дақылдарын жергілікті климаттық жағдайларға сәтті бейімдеп, шабдалының таңдаулы сорттарынан алғашқы өнім алды.
2025 жылы кәсіпкер Нұржан Омаров Түркия Республикасынан әкелінген «Орион» сортындағы шабдалының 15 мың көшетін отырғызып, 12 гектар аумақта интенсивті бақ салды. Заманауи агротехнологияларды қолдану және күтіп-баптаудың халықаралық стандарттарын сақтау нәтижесінде көшеттер жақсы жерсініп, күтілген мерзімнен бұрын өнім бере бастады.
Табысты тәжірибе биыл да жалғасын тапты. Өндірісті кеңейту аясында кәсіпкер «ҰЛЫ ДАЛА» өндірістік кооперативінің аумағында жобаның жаңа кезеңін жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта 30 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып шабдалы көшеттері отырғызылды. Кооперативтің жалпы жер көлемі 51,3 гектарды құрайды.
Нұржан Омаровтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде интенсивті бау шаруашылығын дамыту және жер ресурстарын тиімді пайдалану.
Алдағы уақытта интенсивті шабдалы бақтарының аумағын кеңейту, шие мен жүзімнің таңдаулы сорттарын өсіру жоспарланып отыр.
Жобаны жүзеге асыру өңірде жеміс-жидек өндіру көлемін ұлғайтып, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.