
Құс өсірушілердің XIII халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Ольга Абрамовамен екіжақты кездесу өткізді.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ғылыми-өндірістік ынтымақтастықты тереңдету, импортты алмастыру, асыл тұқымды мал базасын дамыту және мал шаруашылығын цифрландыру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Келіссөздер барысында селекциялық-генетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Ресей тарапы ғылыми ынтымақтастықты дамыту және шетелдік генетикалық ресурстарға тәуелділікті азайту мақсатында Қытай Халық Республикасымен бірлесіп құрылған халықаралық ғылыми-коммуникациялық платформаға Қазақстанның қосылуына ұсыныс жасады.
Азат Сұлтанов министрлік құс шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға дайын екенін алға тарта келіп, серіктестік қатынастарды нығайтудың және инкубациялық жұмыртқа мен асыл тұқымды материалдарды жеткізудің сенімді тізбегін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ эмбрион орталықтарын бірлесіп құру және ірі қара малдың кеңейтілген өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері айтылды. Оның ішінде қазақтың ақбас сиыры тұқымын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады.
Саланы цифрландыру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Ресей делегациясының өкілдері Қазақстанның мамандандырылған ветеринариялық және білім беру ұйымдарының, оның ішінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында табынның ортопедиялық саулығы стандарттарының бірыңғай жүйесін енгізу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Бұл бастаманы іске асыру жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, жануарлардағы ақсақтықты ерте кезеңде автоматты түрде анықтауға, жоғары өнімді мал басының шығынға ұшырау қаупін төмендетуге және сүтті мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тараптар тірі мал мен ет өнімдерін жеткізу, сондай-ақ логистикалық үдерістерді жетілдіру мәселелерін де талқылады.
Азат Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасын іске асыру аясында министрліктің сапалы асыл тұқымды мал басын сатып алуға мүдделі екенін және мұндай ресурстардың отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жедел қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бейінді департаменттері мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына (ҰАҒБО) қарасты ұйымдарға айтылған барлық бастамалар мен ұсыныстарды жан-жақты пысықтау тапсырылды.