
Қазақстанда баламасы жоқ бұл кәсіпорын өңдеу өнеркәсібін дамытуда және елдің агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқармақ.
Жоба Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамыту және қосылған құны жоғары өнім үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Alpecon Group» серіктестігі мен Түркияның жетекші Göknur Gıda компаниясының серіктестігі негізінде жүзеге асырылды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңгені құрады.
Өндірістік кешен 30 гектар аумақта орналасқан. Жобаны іске асыру екі кезең бойынша қолға алынуда.
Бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс шикізатын өңдеп, 13 мың тонна жеміс-көкөніс шырындарының концентраттарын, пюре мен пасталарын өндіретін болады. Өнім негізінен экспортқа бағытталған, оның ішінде Түркия елі нарығына жеткізіледі.
Екінші кезеңде алма қалдықтарынан пектин өндіру көзделген. Бұл әлемдік тамақ өнеркәсібіндегі ең перспективалы салалардың бірі саналады және қазіргі уақытта Қытай, Германия және АҚШ сияқты санаулы елдерде ғана дамыған. Жоспар бойынша кәсіпорын жыл сайын 1000 тоннаға дейін пектин және 3000 тонна алма талшығын өндіріп, Оңтүстік Корея мен Жапония нарықтарына экспорттайды.
Бүгінгі таңда кәсіпорында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Өндірістік қуатының артуына қарай қызметкерлер саны да көбейеді.
«Alpecon Group» серіктестігінің бас директоры Самат Балабековтің айтуынша, инвесторлардың стратегиялық мақсаты – 2028 жылға қарай Қазақстандағы алғашқы толық циклді агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастыру. Бұл кластер шикізат өндіруді, цифрлық технологияларды, кадрлар даярлауды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және экспорттық бағытты біріктіреді. Қалыптастырылатын экожүйе аясында Жетісу облысынан Түркістан облысына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау бекеттерінің желісін құру жоспарланып отыр.