ҚР АШМ: Фермерлерді қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі - облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау

ҚР АШМ: Фермерлерді қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі - облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау

Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы купондық сыйақыны субсидиялау тетігі- агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың тиімді әрі барынша теңгерімді құралы деп санайды. Бұл тетік фермерлер үшін қолжетімді несие шарттарын сақтай отырып, ауыл шаруашылығына жеке капитал тартуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сенаттың пленарлық отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы тетікке балама ретінде бюджеттік несиелеу қарастырылуы мүмкін. Алайда республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында облигациялық қарыздар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі таңдалған. Бұл құрал салаға бюджеттен тыс көлемді қаржы тартуға мүмкіндік береді.

Осы субсидиялаудың арқасында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 700 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде 8,5 млн гектарға жуық егіс алқабы мен 8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Оның 96%-ы шағын бизнес субъектілері, 3%-ы орта бизнес, ал 1%-ы ірі бизнес өкілдері.

«Бюджеттен бөлінген әрбір теңге есебінен 5 теңге көлемінде коммерциялық қаржыландыру тартылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірушілері жылдық мөлшерлемесі 5% болатын, мерзімі бір жылдан 15 айға дейінгі жеңілдетілген несиелерге қол жеткізді. Бұл сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын пайдалануды қоса алғанда, барлық агротехнологиялық іс-шараларды уақытылы жүргізуге жол ашты», – деді министр.

Аталған субсидиялау тетігі аграрлық сектордың қатарынан екі жыл бойы рекордтық өнім алуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болды. Сонымен қатар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Соңғы екі жылда бидай егісінің көлемі 1 млн гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрады. Ал майлы дақылдар алқабы 1,1 млн гектарға ұлғайып, 4,1 млн гектарға, бұршақты дақылдар алқабы 300 мың гектарға артып, 800 мың гектарға жетті.

Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық түсімі 7 млрд АҚШ долларына немесе 3,5 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар салада жеңілдетілген несиелеуге бөлінген әрбір 1 трлн теңге есебінен 15 трлн теңгеге дейін жалпы ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі.

Атап өтілгендей, купондық сыйақыны төлеу жөніндегі міндеттемелердің бір бөлігін Аграрлық несие корпорациясы (АНК) мен ҚазАгроҚаржыға (ҚАҚ) жүктеу олардың қаржылық шығындарының өсуіне әкеледі. Бұл шығындар түптеп келгенде қарыз алушыларға жүктеліп, агроөнеркәсіп субъектілері үшін несие ресурстарының қымбаттауына және жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін.

Министр сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес, квазимемлекеттік компаниялар, оның ішінде АНК мен ҚАҚ өз пайдасының кемінде 70%-ын дивиденд ретінде мемлекет кірісіне аударатынын еске салды. Осылайша, аталған ұйымдардың табысы ел экономикасына қайта оралып, соның ішінде ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға арналады.