
Өңірде «Altyn Shyghys» серіктестігінің қолданыстағы май зауыты базасында, Предгорное ауылында өсімдік майын рафинациялау және дезодорациялау бойынша заманауи цехтың құрылысы жүргізілуде. Жобаны іске асыруға салынған инвестиция көлемі 5 млрд теңгеден асты. Негізгі технологиялық жабдықтар толықтай орнатылып, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Нысанның құрылысын аяқтап, оны пайдалануға беру 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 160 мың тоннаға дейін рафинацияланған өсімдік майын және тамақ өнеркәсібінде және басқа да салаларда кеңінен қолданылатын 1,3 мың тонна лецитин өндіре алады.
Жобаны жүзеге асыру ел ішіндегі майлы шикізатты қайта өңдеу көлемін айтарлықтай арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдалануға, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуге және 49 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қайта өңдеу саласын дамыту агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жаңа өндірістерді іске қосу тұрақты өндірістік тізбектердің қалыптасуына, шикізаттық емес экспорттың өсуіне және отандық өнімнің ішкі әрі сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.