А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында органикалық өнім өндіру цехы ашылады

А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында органикалық өнім өндіру цехы ашылады

Ауыл шаруашылығы министрлігі органикалық егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жұмыстарын жалғастыруда.

Осы ретте А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында органикалық өнім өндіретін цехты іске қосуға дайындық жұмыстары жақын уақытта аяқталады.

Онда өсімдіктерді қорғаудың химиялық құралдарын, пестицидтер мен өзге де агрохимикаттарды қолданбай өсірілген дәнді дақылдар негізінде органикалық өнімдер түрін кеңейту жоспарланып отыр. Жоба отандық экологиялық таза өнімдер түрлерін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы шикізатының қосылған құнын арттыруға бағытталған.

Өндірістің шикізаттық базасын Орталықтың тәжірибелік алқаптары қамтамасыз етеді. Мұнда органикалық егіншілік қағидаттарына сәйкес дәнді, майлы және бұршақ тұқымдас дақылдар өсіріледі. Жобаны жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларын жетілдіруге және өндіріс тиімділігін арттыруға арналған Орталық ғалымдарының ғылыми зерттеу нәтижелері қолданылады.

Жоба аясында цифрлық шешімдер мен өндірістік процестерді автоматтандыруға ерекше назар аударылған. Заманауи технологиялар егіс алқаптарының жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға, топырақ көрсеткіштерін қадағалауға, ауа райы жағдайларын талдауға және өндіріс тиімділігін арттыру үшін жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Жаңа цехтың іске қосылуы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде органикалық өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мүмкіндігін арттыру және инновациялық технологияларды енгізу жөніндегі міндеттерді жүзеге асырудағы кезекті маңызды қадам болмақ.