
Женевада алғашқы Kazakhstan Commodity Forum (Шикізат тауарларын сату жөніндегі қазақстандық форум) өтіп, оған 200-ден астам қатысушы – ірі трейдингтік үйлердің, банктердің, логистикалық компаниялардың басшылары, инвесторлар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Іскерлік алаңда шикізат тауарларының халықаралық саудасы, көлік дәліздерін дамыту және инвестициялар тарту мүмкіндіктері талқыланды.
Форумда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов отандық агросекторды қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін және еліміздің әлемдік нарықтарға азық-түлік жеткізудегі маңызды рөлін атап өтті.
Өткен аграрлық маусымда Қазақстан экспорттық ауқымын едәуір кеңейте отырып, 15,3 млн тонна астық пен ұн жөнелтті. Бидай Еуропаға, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілді.
Нәтижесінде биыл астық өнімдерінің экспорты 12 млн тоннаға жетті.
Одан әрі Ильдар Исмагулов жаңа өткізу арналарын іздеу және отандық ауыл шаруашылығы тауарларын сыртқы нарықтарға жылжытуға жәрдемдесу аталған корпорация қызметінің басым бағыттарының бірі екенін алға тарта келіп, Ұлттық астық операторының астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету мүмкіндігі зор екеніне тоқталды. Бұл – жалпы сыйымдылығы 500 мың тоннадан асатын төрт жеке элеватор, сондай-ақ Ақтау, Амирабад және Говсан порттарындағы үш астық терминалы деуге болады.
Соңғы жылдары Қазақстан Азияны Еуропамен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді пайдалануда және қазақстандық өнімді алыс нарықтарға экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер ашпақ. Осы бағытта жүк тасымалдау көлемі тұрақты өсіп келеді. Қатысушы елдер де жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуда, бұл халықаралық сауданы дамытуға ортақ қызығушылықтың айқын көрсеткіші.
«Біз Швейцарияны іскерлік байланыстарды тереңдету және қазақстандық агроөнімдерді болашақта өткізу нарықтарына ілгерілету үшін перспективалы алаң ретінде қарастырамыз», – деді Ильдар Исмагулов.
Іс-шараны Қазақстанның ДСҰ жанындағы және халықаралық экономикалық ұйымдардағы тұрақты өкілдігі ұйымдастырды.
Қазақстанның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Төребаев атап өткендей, біздің елімізге деген қызығушылық тек табиғи ресурстармен шектелмейді, одан да ауқымды.