Қытайдан әкелінген 39 тоннадан астам залалданған шабдалы мен сәбіз шекарадан өткізілмеді

Қытайдан әкелінген 39 тоннадан астам залалданған шабдалы мен сәбіз шекарадан өткізілмеді

«Нұр Жолы» фитосанитариялық бақылау бекетінде АӨК-тегі Мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Қытай Халық Республикасынан еліміздің аумағына ірі көлемдегі карантиндік өнімдерді кіргізу әрекетінің жолын кесті.

Мұқият тексеру мен зертханалық сараптама барысында жалпы салмағы 39,52 тоннаны құрайтын екі бірдей жүк легінен қауіпті зиянкестер анықталды.

Атап айтқанда, салмағы 19 тонна шабдалы партиясынан карантиндік нысан шығыс жеміс жемірі табылды. Ал салмағы 20 тонна сәбіз партиясынан алтын түсті картоп нематодасы анықталды.
Өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық және ұлттық заңнама талаптарына сәйкес, залалданған өнімдердің барлығы жедел кері қайтарылды(ҚХР). Жүктің иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Аталған карантиндік нысандар ел аумағына кірген жағдайда азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін шығындауы мүмкін.

Экологиялық және азық-түлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік шекара мен фитосанитариялық бақылау бекеттеріндегі бақылау күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.