Айдарбек Сапаров: АӨК-тегі өңделген өнімнің үлесі 70 пайыздан асуы керек, бүгінде оның жартысынан астамы экспорттың еншісінде

Айдарбек Сапаров: АӨК-тегі өңделген өнімнің үлесі 70 пайыздан асуы керек, бүгінде оның жартысынан астамы экспорттың еншісінде

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған алқа отырысы өтті.

Жиынға министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары, облыстар мен Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы, ветеринария және балық шаруашылығы салаларының өңірлік басқармаларының өкілдері, жер ресурстарын басқару департаменттерінің мамандары және министрліктің аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және экспорттық әлеуетті нығайтуға ықпал етіп отыр.

«Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржылық ресурстарға қол жеткізіп, агротехнологиялық үдерістерді толықтай қолданысқа енгізу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде еліміз ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Импортқа тәуелді бағыттар бойынша инвесторларды тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Біздің басты міндетіміз – агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізіп, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыру», – деді министр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы саланың бүгінгі ахуалы мен даму перспективалары туралы баяндады.

Өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында мемлекет жеңілдетілген қаржыландыру және инвестициялық субсидиялау тетіктерін іске асыруда. 2024–2025 жылдары айналым қаражатын толықтыру үшін 196 өңдеу кәсіпорнына жалпы сомасы 131 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ал 2026 жылы бұл мақсатқа 100 млрд теңге қарастырылған.

Өткен жылы өңдеу саласында құны 120,4 млрд теңгені болатын 53 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік өндірісінің көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,9 трлн теңгеге жетіп, 8,1 пайызға артты.

Биыл да қарқынды. Биылғы жылдың қаңтар–сәуір айларында 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары. Саланың негізгі капиталына екі еседен астам инвестиция тартылып, 389 млрд теңгеден асты. Өңделген өнім экспорты 3,6 млрд АҚШ долларына жетіп, агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы экспортындағы үлесі 51,4 пайызды құрады.

Алқа отырысында астықты терең өңдеу, май өңдеу саласын дамыту, қант өнеркәсібін жетілдіру, сондай-ақ сүт және ет өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту мәселелері кеңінен қаралды.

Отырыс барысында Қазақстан ұн экспорттау бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі екені, өсімдік майын экспорттайтын ірі мемлекеттер қатарына кіретіні және астық пен майлы дақылдарды терең өңдеу өнімдерінің өндірісін тұрақты түрде арттырып келе жатқаны айтылды.

Сонымен қатар қант өндірісін дамыту, жүн мен теріні өңдеу, сүт және ет өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Алқа отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көрсеткіштері мен инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны төмен деген өңірлер әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалды.

Қорытынды сөзінде Айдарбек Сапаров өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамып келе жатқанын алға тарта отырып, азық-түлік өндірісін ұлғайту және агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін арттыру бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуді, инвестициялық жобаларды жедел іске асыруды, кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды және өңдеу өндірістерінің дерекқорын өзектендіруді тапсырды.