ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде топырақ эрозиясымен күрес мәселелері қаралды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде топырақ эрозиясымен күрес мәселелері қаралды

Астанада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен ведомство алқасының отырысы өтті.

Жиынның негізгі тақырыптарының бірі жердің тозуымен күресу мақсатында топырақ мониторингі жүйесін жаңғырту мәселесі болды.

Алқа отырысына ҚР АШМ-ге қарасты ұйымдардың басшылары, облыстар мен Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы, ветеринария және балық шаруашылығы басқармаларының басшылары, жер ресурстарын басқару департаменттерінің және министрліктің аумақтық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.

«Қазақстан үшін жер – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Қазіргі таңда айналымда 117,7 млн гектар жер бар. Оның ішінде 26,5 млн гектары – егістік, 83,9 млн гектары – жайылым, 2,4 млн гектары – шабындық және 4,9 млн гектары өзге санаттағы жерлер. Табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жердің тозу қаупі әлі де сақталып отыр.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында мемлекет бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруда. Соның ішінде БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясында жердің тозуын бейтараптандыру көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде», – деді Айдарбек Сапаров алғы сөзінде.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жер сапасын бақылау жүйесін реформалау нәтижелері туралы мәлімдеді.

Атап өткеніндей, аудиттің жаңа стандарттарына көшу аясында «ЖерЗЖЖМИ» мамандары 53,5 млн гектар аумақтағы жердің тозу карталарын жаңартқан. Зерттелген аумақтардағы нақты тозған жер көлемі 2,7 млн гектарды немесе шамамен 5%-ды құрайды. Барлық 182 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізу жұмыстары 2029 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Елдің басты байлығын қорғаудағы маңызды қадамдардың бірі – қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы. Құжатта ауыл шаруашылығы жерлеріне әр 3–5 жыл сайын міндетті агрохимиялық зерттеу жүргізу, жер учаскелерін беру кезінде топырақтың сапалық сипаттамалары көрсетілген міндетті «жер паспорты» жүйесін енгізу, сондай-ақ жер комиссиялары мен конкурстық рәсімдердің жұмысын толық цифрлық онлайн форматқа көшіру көзделген.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов тозған жерлерді қалпына келтіру, жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту және жер саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Айтуынша бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру 100 пайыз аяқталған. Егістік, жайылым және шабындық жерлердің түрлері бойынша цифрлық карталар жасалған.

Келесі кезеңде Жер ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы құрылады.

«2027 жылға қарай платформа жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект пайдаланылмай жатқан жерлерді автоматты түрде анықтауға, тозған аумақтарды белгілеуге, топырақ эрозиясы мен тұздану үдерістерін талдауға, сондай-ақ өнімділікті болжауға және тыңайтқыштарға деген қажеттілікті дәл есептеуге мүмкіндік береді», – деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар министрлік топырақтағы көміртек мөлшерін бақылау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны әзірлеуде. Бұл көміртек құрамының өзгерісін бақылауға, егістік өнімділігін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне «жасыл» инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Пайдалану кезінде Жер заңнамасын бұзған оқиғалар бойынша  жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жалғасуда.

2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15 млн гектар жер қайтарылып, оның 11,3 млн гектары қайта бөлінді. Соның ішінде 4,2 млн гектар жер ортақ пайдалануға берілді. Нәтижесінде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға дейін қысқарды.

Алқа отырысының қорытындылаған Айдарбек Сапаров топырақ эрозиясымен күрес жөніндегі Жол картасын іске асыруды жандандыру және ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдарды басқарудың өзекті жоспарларын бекіту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімдіктеріне мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін толық көлемде айналымға енгізу, өсімдік шаруашылығымен айналысатын ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамытуға тарту арқылы ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту жұмыстарын күшейту тапсырылды.