Астанада жылына 18 мың тонна өнім өндіретін ет комбинаты іске қосылады

Астанада жылына 18 мың тонна өнім өндіретін ет комбинаты іске қосылады

Елордадағы Индустриялық парк аумағында «Астана ЕТКОМ» серіктестігінің заманауи ет өңдеу комбинаты іске қосылады. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Астана қаласының әкімдігі тарапынан жүзеге асырылуда.

Осы ретте еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов арнайы зауыт құрлысы барысымен танысты.

Жалпы құны 8 млрд теңге болатын жоба кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелік қаражат пен инвесторлардың өз қаражаты есебінен қаржыландырлады.

Зауытты 2026 жылдың ІІ тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Кәсіпорынның жобалық қуаты тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнім өндіруге немесе жылына 18 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шикізат отандық өндірушілерден, соның ішінде «Айтас» акционерлік қоғамы, «KazBeef» серіктестігі және өңірлердегі фермерлік шаруашылықтардан сатып алынатын болады. Өнім түрлеріне шұжық өнімдері, ет деликатестері, жартылай фабрикаттар және салқындатылған ет өнімдері кіреді.

Бірінші кезеңде 100-ге дейін жұмыс орны ашылса, кәсіпорын толық іске қосылғанда, 300 адамды қамтитын болады.

Кадр даярлау мақсатында кәсіпорын колледждер мен басқа да оқу орындарының студенттерін оқытуды ұйымдастырып, кейін оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастырған. Жаңа зауыт ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етумен қатар, экспортқа да бағытталады.

Премьер-министр сондай-ақ Астанадағы «RnR Group» серіктестігігінің нан-тоқаш және сүт өнімдерін өндіретін өндірістік алаңдарының жұмысымен танысты. Бұл жобалардың жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайды.

Премьер-министрге аталған жобалардың қайта өңдеу саласын дамытуға, отандық азық-түлік өнімдерінің өндірісін кеңейтуге және елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға арналғаны туралы баяндалды. Өндіріс орындарының қуаты тәулігіне 25 тоннаға дейін ұн өнімдерін және 100 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға қауқарлы.

Атап айтқанда, сүт өңдеу зауыты сүт, айран, қаймақ, йогурт және басқа да сүт өнімдерін өндіруге маманданған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеуге мүмкіндік береді әрі болашақта бұл көлемді ұлғайту көзделген. Сонымен қатар 350 түрлі өнім шығару жоспарланған. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңге. Зауыт 2026 жылы пайдалануға берілді, ал осы жылдың тамыз айында алғашқы өнім шығару жоспарланған.

Екі кәсіпорын да өздерінің шикізат базасын пайдаланады. Өнімдер елорданың сауда орындарына, әлеуметтік нысандарына және сауда желілеріне жеткізіледі.

Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайта өңдеу қуаттарын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін көбейту бағытында Үкімет пен қала әкімдігі жүргізіп жатқан кешенді жұмыстың жалғасы саналады.

Жалпы алғанда, 2025–2026 жылдары елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында қуаты 12 мың тонна болатын 2 көкөніс қоймасы және жылына 53 мың тонна өнім өндіретін 3 қайта өңдеу зауыты ашылды. Сонымен қатар 18 мың тонна көкөніс жеткізуге келісімшарттар жасалды.

Алдағы екі жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын тағы 7 инвестициялық жобаны іске қосу көзделген. Нәтижесінде 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі терең өңдеу екенін атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет аграрлық секторды қолдауды күшейтіп, инфрақұрылымды дамытуға, биологиялық қауіпсіздіктің негізі саналатын ветеринария саласын жетілдіруге және бақылау жүйесін жаңғыртуға баса назар аударып отыр.

Қазақстанның аусыл ауруынан азат ел мәртебесін алуы мал шаруашылығын дамытуға және экспорт көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндіктер ашуда. Соңғы жылдардағы тұрақты шикізат қоры мен мол өнім көрсеткіштері қайта өңдеу көлемін арттыруға, дайын өнім шығаруға және отандық тауарларды ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығаруға қолайлы жағдай қалыптастыруда.