Қазақстандағы май өндіру саласы төрт жыл ішінде экспорттық кірісті төрт есе – $963 млн-ға ұлғайтты

Қазақстандағы май өндіру саласы төрт жыл ішінде экспорттық кірісті төрт есе – $963 млн-ға ұлғайтты

Қазақстандық май саласының экспорттық кірісі төрт жылда төрт есеге өсіп, 963 млн АҚШ долларына жетті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада өткен FОС 2026: Fats and Oils Conference V Халықаралық май конференциясының ашылуы кезінде хабарлады.

Конференция жұмысына 18 мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың, жетекші әлемдік компаниялардың, қаржы институттарының, салалық қауымдастықтар мен сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Конференцияны ашқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин соңғы жылдары май өндіру саласы агроөнеркәсіптік кешен сегментінің бірінен ұлттық экономиканың стратегиялық маңызды бағытына, экономиканы әртараптандырудың, қайта өңдеуді дамыту мен қосылған құны жоғары өнім жасаудың табысты үлгісіне айналғанын атап өтті.

«Небәрі төрт жылдың ішінде қазақстандық май өнімі экспортының валюталық түсімі төрт есеге, 240 млн-нан 963 млн АҚШ долларына дейін өсті. Өндіріс рекордтық 1,6 млн тоннаға, қайта өңделген ауылшаруашылығы өнімі экспортындағы саланың үлесі 27%-ға жетті. Бұл отандық өндірушілерді қолдау, қайта өңдеуді дамыту мен инвестиция тартудағы дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Қайта өңдеумен бірге ауыл шаруашылығы да дамып, майлы дақыл алқабы кеңеюде. Фермерлік шаруашылықтың табыстылығы артты. Жаңа жұмыс орындары ашылып, көлік және экспорттық инфрақұрылым дамуда», — деп атап өтті вице-премьер.

Бүгінгі таңда Қазақстан күнбағыс майын экспорттау жөнінен әлемде алтыншы орында. Ол өнімді Қытай нарығына екінші ірі жеткізуші. Сондай-ақ, республика Еуропалық Одаққа күнбағыс ұнын басты жеткізушілер қатарына кіріп, Орталық Азия мемлекеттерінің қажеттілігін толықтай өтей алады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, саланың алдағы міндеті – ірі экспорттаушы мәртебесінен әлемдік көшбасшының біріне өту. Ол үшін 2026-2028 жылдарға арналған май өнімі экспортын дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда.

«Біздің мақсатымыз – саланың валюталық түсімін жылына $1,5 млрд-тан аса ұлғайту. Қазақстанның күнбағыс майының ірі әлемдік экспорттаушылары арасындағы позициясын нығайтып, саланың әлемдік көшбасшыларының үштігіне кіру үшін негіз құру қажет», — деп атап өтті ол.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жоғары рентабельді майлы дақылдың егіс алқабын кеңейту, заманауи агротехнология есебінен өнімділікті арттыру, терең өңдеуге инвестиция тарту, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды және халықаралық сауда бағыттарын дамыту жұмысы жалғасады.

Қазақстан ұлттық қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядикар Ибрагимов сала экспорттық географияны белсенді түрде кеңейтіп, логистикалық шешімді жетілдіруде екенін жеткізді.

Мәселен, 2026 жылы Ақтау портында алғаш рет теңіз кемесіне өсімдік майын ауыстырып тиеу жүзеге асырылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қолдауымен Қытай бағытында Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы астық таситын көлікпен түйіршіктелген күнбағыс ұнын тәжірибелік жеткізу басталды.

Сонымен қатар 2025 жылғы күзде Қазақстан тарихында алғаш рет Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына флекситанктер арқылы күнбағыс майы 40 футтық контейнермен жөнелтілді. Жүк 12 күнде 4 700 шақырымды жүріп өтіп, контейнермен тасымалдаудың тиімділігі мен жоғары жылдамдығын көрсетті.