Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің майлы дақылдарды өңдеу саласын дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарларын жариялады

Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің майлы дақылдарды өңдеу саласын дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарларын жариялады

Астанада өткен «FOC 2026: Fats and Oils Conference» V халықаралық мерейтойлық май өнімдері конференциясында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарының нәтижелері туралы айтып, майлы дақылдар мен май өңдеу саласын мемлекеттік қолдаудың басым бағыттарына тоқталды.

Конференцияға қатысушылар алдында сөз сөйлеген вице-министр Президент тапсырмасына сәйкес елімізде жоғары табысты әрі сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін ұлғайту бойынша шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде егіс алқаптарының жалпы құрылымындағы майлы дақылдардың үлесі 2023 жылғы 11%-дан биылғы жылы 17%-ға дейін өсіп, 4,2 млн гектарға жетті.
Әсіресе, рапс егістіктерінің кеңеюі өсімге зор ықпал етті. Соңғы үш жылда рапс алқаптары 97,9 мың гектардан 337,4 мың гектарға дейін, яғни үш еседен астам ұлғайды. Зығыр егістігі 909,1 мың гектардан 1,3 млн гектарға дейін артса, күнбағыс алқаптары осы кезеңде 600 мың гектарға кеңейді.

«Жүргізілген әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде майлы дақылдардың жалпы түсімі 2,2 есеге артып, рекордтық 5 млн тоннаға жетті. Күнбағыс өнімі алғаш рет 2,5 млн тоннаны құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен екі есе асты. Зығырдың жалпы түсімі 362 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін, яғни 3,7 есеге өсті. Ал рапс өнімі 123 мың тоннадан 630 мың тоннаға дейін артып, бес еседен асты», — деді Ермек Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, шикізат өндірісі көлемінің қарқынды өсуі сақтау және логистикалық инфрақұрылымды жедел дамыту қажеттілігін туындатып отыр. Осыған байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы элеваторларды салу және жаңғырту үшін жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын іске асыруда.

Қаржыландыруға қол жеткізудің негізгі шарттарының бірі шикізатты есепке алу, қабылдау және жөнелтудің электрондық жүйесін енгізу. Бұл барлық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру деңгейін арттыруға жол ашады.

«Бұл шара астық пен майлы дақылдарға қатысты операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге, сақтау инфрақұрылымын басқару тиімділігін арттыруға бағытталған және аграрлық секторды цифрландыру жөніндегі мемлекеттік саясатқа толық сәйкес келеді», — деді вице-министр.

Одан әрі 2026–2028 жылдарға арналған Агроэкономиканы дамытудың кешенді жоспарын іске асыру мәселесіне баса назар аударды. Құжат агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін кемінде 70%-ға дейін жеткізуді көздейді.

Осы жолда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несиелеу көлемін кезең-кезеңімен 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығы техникасының лизингтік бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қолданатын «Е-АӨК» цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр.

Еске салсақ, «FOC 2026: Fats and Oils Conference» халықаралық конференциясын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі және QazTrade қолдауымен «Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.

Іс-шараға Қытай, АҚШ, Еуропа және Орталық Азия елдерін қоса алғанда әлемнің 18 мемлекетінен 330-дан астам делегат, сондай-ақ еліміздегі 50 май өңдеу кәсіпорнының басшылары қатысты.