
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру және Мемлекеттік Әнұранды орындау рәсімімен бір уақытта министрлік қызметкерлері де еліміздің Мемлекеттік Әнұранын орындады.
Биылғы мерекелік іс-шаралар халықаралық және республикалық деңгейде «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбымен өтуде.
Еліміздің мемлекеттік рәміздері саналатын Ту, Елтаңба және Әнұран біздің тәуелсіздігімізді, дербестігімізді паш ете отырып, халқымыздың бірлігі мен тұтастығын, тарихи сабақтастығын және болашақ асыл мұраттарын айқындайтын қастерлі құндылықтар. Мемлекеттік рәміздерге деген тағзым - әрбір азаматтың Отанға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров министрлік қызметкерлерін мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірлік пен жалпыазаматтық құндылықтарды нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер – әрбір қазақстандықтың ерекше мақтанышы. Олар қоғамды ортақ мақсаттар мен құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел тағдырына ортақтық сезімін нығайтады, Қазақстанның гүлденуі жолындағы жасампаз еңбекке жігерлендіреді. Мемлекеттік Туымыз әрдайым бейбіт аспан астында асқақ желбірей берсін, ал Мемлекеттік Әнұранымыз еліміздің бірлігі, тәуелсіздігі мен жетістіктерінің символы ретінде әрдайым асқақтай берсін», – деді Айдарбек Сапаров.