2026 жылдың төрт айында Қазақстанда барлық ет түрлерін өндіру көлемі 338 мың тоннадан асты

2026 жылдың төрт айында Қазақстанда барлық ет түрлерін өндіру көлемі 338 мың тоннадан асты

Мал шаруашылығы саласында тұрақты оң динамика сақталуда. Негізгі ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша мал басы өсіп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де ұлғаюда.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ірі қара мал басы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 325,2 мың басқа өсіп, 9,8 млн басқа жетті. Қой саны 23,5 млн басты құрады (+363,1 мың бас), жылқы – 5,1 млн бас (+339,8 мың бас), түйе – 322 мың бас (+7,5 мың бас), құс саны – 48,2 млн бас (+291,5 мың бас).

Мал басының өсуі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің артуына ықпал етуде. Ағымдағы жылдың қаңтар–сәуір айларында барлық ет түрлерін сою салмағында өндіру көлемі 338,2 мың тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың тоннаға артты.

Атап айтқанда, сиыр етін өндіру көлемі 112,9 мың тоннаға жетіп, 6,5 мың тоннаға ұлғайды. Қой етін өндіру 34,7 мың тоннаны (+2,6 мың тонна), жылқы етін өндіру 39,8 мың тоннаны (+1,4 мың тонна) құрады.

Өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар. Осы мақсатта жайылымдық инфрақұрылымды қамтамасыз ете отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылуда. Бағдарлама аясында несиелер жылдық 6%-бен 10 жыл мерзімге беріледі.

Өндірістің өсуі саланың тұрақты дамуын, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетінің нығаюын және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті ресурстардың бар екенін көрсетеді.

Ағымдағы жылдың сәуір–мамыр айларында байқалған қой еті бағасының өсуіне келсек, бұл уақытша әрі маусымдық сипатта болды. Бағаның көтерілуіне негізгі себеп – биыл мамыр айының соңына сәйкес келген Құрбан айт мерекесіне дайындық және оны өткізу кезеңінде сұраныстың дәстүрлі түрде артуы.

Қазіргі уақытта Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ел бойынша қой етінің орташа бағасы бір килограмына 4 209 теңгені құрайды.

Қой етінің сатып алу бағасы шамамен бір килограмына 200 теңгеге төмендегені тіркелуде.

Осылайша, байқалған баға өсімі өнім тапшылығымен байланысты емес.

Қазіргі өндірістік көрсеткіштер саланың тұрақты дамып келе жатқанын және ішкі нарықтағы ұсыныс көлемінің жеткілікті екенін растайды.