Ел аумағына 200 тоннадан астам бүлінген астықты кіргізуге тосқауыл қойылды

Ел аумағына 200 тоннадан астам бүлінген астықты кіргізуге тосқауыл қойылды

ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекцияларының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында елімізге залалданған ірі көлемдегі карантиндік өнімдерді әкелу әрекетінің жолын кесті.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында Ресейден карантиндік және фитосанитариялық қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 200 тоннадан астам азық-түлік астығы — бидай мен арпа анықталды. Импортталған өнімдерден қауіпті карантиндік нысандар, атап айтқанда үш тілімді ойраншөп, жатаған кекіре (қызғылт) және арамсояу анықталды.

Инспекторлар жедел шараларының арқасында жүктің 128 тоннадан астам бөлігі экспорттаушы елге кері қайтарылды.
Өнім иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Іс материалдары қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына жолданды.

Министрлік еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы мен Қазақстан экожүйесіне қауіп төндіретін өнімдердің әкелінуіне жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.