
V Еуразиялық экономикалық форум аясында санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар саласына цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу мәселелеріне арналған панельдік сессия өтті.
Іс-шара Еуразиялық экономикалық комиссиясы, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері бірлесіп ұйымдастырды.
Сессия жұмысына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Россельхознадзор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, «Кодекс Алиментариус» комиссиясы және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) өкілдері қатысты.
Негізінен ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедергісіз сауда жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру тақырыптарына айрықша назар аударылды.
Қатысушылар санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар саласындағы цифрлық құралдарды дамыту бойынша халықаралық және ұлттық стратегиялық жаңашылдықтарды таныстырды.
Пікірталас барысында сарапшылар заманауи цифрлық технологияларсыз ЕАЭО талаптары мен нормаларының сақталуын тиімді бақылау мүмкін еместігін атап өтті. Жасанды интеллектті қолдану қатысушы елдердің ұлттық тәсілдерін біріздендіруге, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге және санитариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану тетіктерін барынша ашық әрі түсінікті етуге жол ашады.
Сессия қорытындысы бойынша жиналғандар ЕАЭО-да СФС-бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру өзара сауда қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы екеніне тоқталды.
Жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу Одақ елдеріне биологиялық қауіптерге жедел ден қоюға, айналымдағы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Еуразия өңірінің экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.