Азат Сұлтанов Қостанай облысы шаруаларымен кездесті

Азат Сұлтанов Қостанай облысы шаруаларымен кездесті

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, егіс науқаны барысымен танысып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Онда фермерлермен ашық диалог орнату, саланың өзекті мәселелерін талқылау және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне баса назар аударылды.

Кездесу барысында отандық агросектордың екінші жыл қатарынан рекордтық нәтижелер көрсетіп отырғаны айтылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгеге жетті.

Мемлекеттік кешенді қолдау шараларының, агротехнологияларды ауқымды енгізудің және жеңілдетілген қаржыландыру көлемінің бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуінің арқасында былтыр елімізде дәнді, майлы және бұршақты дақылдардан жоғары өнім алынды. Өндірілген өнім көлемі ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 2024–2025 маркетингтік жылы 15,3 млн тонна астық экспортталды.
Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Биылғы жылы егіс алқаптарының көлемі 23,8 млн гектарды құрайды. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 5,5 млн гектар жерге егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4 млн гектарға, майлы дақылдар 887 мың гектарға, ал мал азықтық дақылдар 559 мың гектарға егілді.

Азат Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы екі жылда агроөнеркәсіп кешенін жеңілдетілген несиелеу көлемі едәуір артқанын еске салды.
Көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасы аясында бүгінде 4,7 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 566,4 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Қостанай облысында 491 фермер 46,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 595 мың гектар егіс алқабы қамтылды.

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жыл басынан бері 224,8 млрд теңге көлемінде өтінімдер түсті. Оның ішінде Қостанай облысының шаруаларынан 49 млрд теңгеге 351 өтінім қабылданған.

«Биыл саланы дамытудың жаңа қозғаушы күші мал шаруашылығы болуы тиіс. Бұл бағытта қалыпты өсімнен жедел даму кезеңіне өтіп, серпінді нәтижелерге қол жеткізу қажет», — деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың наурыз айында мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында «Игілік» және «Береке» кредиттік өнімдері іске қосылды.

Сонымен қатар жайылымдық мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылым инфрақұрылымын жетілдіруді, оның ішінде жайылымдарды суландыру мен жылжымалы вагондарды сатып алуды қаржыландыратын бірыңғай «Жайлау» кредиттік өнімі енгізілуде.

Азат Сұлтанов жиналғандар алдында мал шаруашылығын дамытуға белсенді қатысудың маңыздылығын айтып, шаруашылық жүргізудің аралас моделіне көшу жер ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында жедел шешімді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, жан-жақты түсіндірілді. Ал ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін жүйелі сұрақтар министрліктің бақылауында болмақ.

«Мұндай өзара іс-қимыл түрі жергілікті жерлердегі нақты жағдайларды министрлікке жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары уақытылы қабылданып жатыр. Дегенмен біз үшін мұндай диалогтың тұрақты әрі нәтижелі болуы аса маңызды», — деді Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығының төрағасы Александр Бородин.

Одан әрі вице-министр жұмыс бағдарламасы аясында азаматтарды жеке қабылдады.