Қазақстанда егіс алқаптарының 77%-ы егілді

Қазақстанда егіс алқаптарының 77%-ы егілді

Өңірлерде көктемгі егіс жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары 16,3 млн гектар алқапқа егілді.

Атап айтқанда, дәнді дақылдар 11,2 млн га, майлы дақылдар – 3,6 млн га, мал азықтық дақылдар – 973,2 мың га, мақта – 167,6 мың га, картоп – 116,9 мың га, көкөніс дақылдары – 112 мың га, бақша дақылдары – 81,1 мың га, қант қызылшасы – 22 мың га алқапқа егілді.

Егіс науқаны еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысында 4,1 млн га, Қостанай облысында – 3,7 млн га, Солтүстік Қазақстан облысында – 2,7 млн га жерге егін егілді.

Егіс науқанына 133,9 мыңнан астам трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылды. Аграршыларға үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етуде.