Астанада Қазақстан–Латвия бизнес-форумы өтіп, оған екі елдің салалық мемлекеттік органдарының, даму институттарының және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Жиналғандар агроөнеркәсіптік кешендегі сауда-экономикалық әріптестікті нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Латвияның Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі әрі сенімді серіктес екенін айта келіп, әсіресе, тамақ өнеркәсібі, терең өңдеу, ветеринария және заманауи агротехнологияларды енгізу салаларындағы тәжірибесін жоғары бағалады.
Сондай-ақ қазіргі таңда аграрлық саладағы ықпалдастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы екі ел арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 51,4 млн АҚШ долларын құрады.
Вице-министр өз сөзінде қазақстандық өсімдік шаруашылығы өнімдерін Балтық өңірі арқылы тасымалдау және логистикалық өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.
Латвия порттары Қазақстан үшін маңызды көлік дәлізі болып қала береді. Былтыр Латвия порттары арқылы жалпы 750 мың тонна жүк тасымалданған. Биылғы жылдың басынан бері 250 мың тонна экспортталды.
Қазақстан латвиялық серіктестерге отандық агроөнеркәсіптік кешенді ауқымды жаңғырту, соның ішінде терең өңдеуді дамыту және цифрландыру бағытындағы мүмкіндіктерді ұсынды. Сонымен қатар, инвесторларға инвестициялық субсидиялар, жеңілдетілген қаржыландыру, инфрақұрылым және экспортқа бағытталған өндірістерді орналастыруға берілетін преференциялар сияқты мемлекеттік қолдау шаралары туралы кең мағлұмат берілді.
Бірлескен кәсіпорындар құру үшін ең мықты бағыттар ретінде сүт және ет шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру, балық шаруашылығы, азық-түлік сақтау және тасымалдау, логистикалық хабтарды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және аграрлық ғылымды дамыту салаларына баса аназар аударылды.
Латвияның ветеринариялық қауіпсіздік және аграрлық секторға кадр даярлау саласындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
Форумда сондай-ақ Латвияның Климат және энергетика министрлігінің Парламенттік хатшысы Янис Ирбе, Латвияның Қазақстандағы Елшісі Даце Рутка және Латвия–Қазақстан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Роман Абенов сөз сөйледі.
Іс шара қазақстандық және латвиялық кәсіпкерлер арасындағы тікелей B2B кездесулермен аяқталып, онда тараптар нақты іскерлік келісімдерді ортаға салды.