Ермек Кенжеханұлы Жетісу және Алматы облыстарындағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты

Ермек Кенжеханұлы Жетісу және Алматы облыстарындағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жұмыс сапарымен Алматы және Жетісу облыстарына барып, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, көктемгі дала жұмыстары барысымен, сондай-ақ шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізіліп жатқан қорғаныс шараларымен танысты.

Осы ретте вице-министр Алматы облысындағы аграрлық және қайта өңдеу саласындағы бірқатар ірі нысандарды аралады. Атап айтқанда, «Генофонд» серіктестігінде болды.

Кәсіпорын басшысы Махан Төлемісов 800 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылыс жобасымен таныстырды. Бұл жоба сүт өндірісін ұлғайтып, өңірдегі қайта өңдеу саласының шикізаттық базасын нығайтуға жол ашады.

Одан әрі Ермек Кенжеханұлы Алатау қаласында«PepsiCo Central Asia» трансұлттық корпорациясының снек өнімдерін өндіретін зауытының құрылысын аралап көрді. Бұл болашақта Орталық Азияда осы бағыттағы ең ірі өндіріс орнына айналып, жоғары қосылған құны бар ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Ал Қонаев қаласында «Қапшағай Бидай Өнімдері» серіктестігі дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеуге арналған өндірістік орындарын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда.
Сапар барысында фитосанитариялық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылды.

Сапар барысында вице-министр Қонаев қаласы мен Жетісу облысының шекаралас аумақтарында шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының сапасына айрықна көңіл бөлді.
Қазіргі уақытта өңірлерде қорғаныс шаралары 13 мың гектар аумақта жүргізілді.

Жетісу облысындағы алғашқы нысан Кербұлақ ауданындағы Жоламан алқабы болды. Мұнда «АгроХолдинг Жетісу» серіктестігі заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ірі жобаны қолға алуда. Жобаның құны 4,7 млрд теңге, 1,4 мың гектар аумақты қамтиды. Жоба мал азықтық және дәнді дақылдардың өнімділігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз ететін жоғары тиімді суару жүйесін құруға бағытталған.

Бүгінде 1,2 мың гектар жерге егін егілді. Егіс алқаптарына жоңышқа, арпа, жүгері және күнбағыс себілген, қосымша жүгері егу жоспарланып отыр.

Көксу ауданында вице-министр Көксу қант зауытын ауқымды жаңғырту жұмыстарына назар аударды. Жобаның құны — 8 млрд теңге. Келер жылы кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна өнімге дейін ұлғайтылмақ.

Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы «Нам Г.Н.» алдыңғы қатарлы шаруа қожалығының қызылша алқаптарын аралады.

Жалпы, биыл Жетісу облысындағы егіс алқабының жалпы көлемі 512 мың гектардан асады. Әртараптандыру аясында диқандар дәндік жүгері, арпа және қант қызылшасы егілетін алқап көлемін ұлғайтты. Қазіргі таңда жаздық дақылдарды көктемгі егу жұмыстары 94,6%-ға орындалды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Ермек Кенжеханұлы жауапты мамандарға көктемгі дала жұмыстарын барлық агротехнологиялық талаптарды сақтай отырып, сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.