Қазақстан Испанияға ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруды көздеп отыр

Қазақстан Испанияға ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруды көздеп отыр

Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) 93-Бас сессиясы аясында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Испанияның Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және азық-түлік министрі Луис Планасмен кездесті.

Тараптар аграрлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен стратегиялық перспективаларын, сондай-ақ өзара тауар айналымын кеңейту мәселелерін талқылады.

«Біз қалыптасқан сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз және Испаниямен аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз. Бүгінде екі ел арасында ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің саудасы бағытында өзара іс-қимыл белсенді дамуда. Сонымен қатар, екіжақты ықпалдастық әлеуеті толық пайдаланылмай келеді», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Испанияға тасымалданатын ауыл шаруашылығы өнімдері екі есеге артты. Негізінен астық, дәнді-бұршақты дақылдар және эфир майлары экспортталды.

Қазақстан тарапы Испания нарығына астық және майлы дақылдар, қайта өңделген өнімдер, мал азығы және өзара қызығушылық тудыратын басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын кең көлемде жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ қос тарап агротехнологиялар, ирригация, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы, селекция, заманауи шешімдерді енгізу және ветеринария салаларындағы серіктестік келешегіне көңіл бөлді.

Әріптестіктің негізгі қозғаушы күштерінің бірі инвестициялық ынтымақтастық. Қазақстан испан компанияларының қатысуымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде «Big Farm» серіктестігі қатысатын ет өндірісі бойынша тігінен интеграцияланған кешен құруға қызығушылық танытып отыр.

Жоба Ақмола облысының Ерейментау ауданында 20 мың бас «Ангус» тұқымды ірі қара малын өсіруді көздейді. Жобаны іске асыру үшін 70 мың гектар жер телімі бөлінген. Жалпы инвестиция көлемі 132 млн еуро, сондай-ақ 250 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Өз кезегінде Луис Планас Испанияның Қазақстанмен аграрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін және өзара сауда мен бірлескен инвестициялық жобаларды арттыру әлеуетінің зор екенін атап өтті.

Кездесу иелері салалық құрылымдар, бизнес қауымдастықтар мен екі елдің ғылыми ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға және белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін білдірді.