Фермер өз еңбегінің лайықты бағасын алуға тиіс  — Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің саланың бүгіні мен болашағына арналған көлемді сұхбаты

Фермер өз еңбегінің лайықты бағасын алуға тиіс  — Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің саланың бүгіні мен болашағына арналған көлемді сұхбаты

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді. Онда елдегі екі жыл қатарынан алынған рекордтық өнімнің сыры, жаңа аграрлық маусымға дайындық, субсидиялау мен ветеринария салаларындағы реформа, агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру мен жасанды интеллект сынды ауқымды мәселелермен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі, соның ішінде ет бағасының қымбаттауына қатысты әлеуметтік сұрақтар да назардан тыс қалмады.

Айдарбек Сейпелұлы, Қазақстан екі жыл қатарынан рекордтық өнім жинады. Биылғы көктемгі егіс науқаны қалай жүріп жатыр? Тағы да мол өнім алуға  негіз қаланды деуге бола ма? 

— Жақсы өнімнің негізі тек ауа райына ғана емес, сонымен қатар климаттық факторлардың теріс әсерін азайтуға немесе қолайлы жағдайда өнімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік беретін агротехнологияларға да байланысты. Өңірлерге сапарым барысында көршілес екі шаруашылықтың алқабында нәтижелер мүлде әртүрлі болатынын талай байқадым. Мәселен, бір жерде гектарынан 10 центнер ғана өнім алынса, дәл жанындағы алқапта 30–40 центнерге дейін жетеді. Бұған дейін де айтқанмын, тағы да қайталаймын, айналым қаражатына берілетін жеңілдетілген несиелер фермерлерге қажетті материалдарды алдын ала сатып алуға, агротехникалық жұмыстарды уақытында жүргізуге, тыңайтқыштарды дер кезінде енгізуге және қажетті техниканы алуға мүмкіндік береді. Мұның нәтижесін шаруалардың өздері де көріп отыр.

Биылғы қаржыландыру 2025 жылдың қазан айында басталды. Оңтүстік өңірлерде егіс науқаны наурыздың соңында, ал астық егетін аймақтарда мамыр айының басынан қолға алынды. Науқан агротехникалық тұрғыдан ең қолайлы мерзімде аяқталады.

Биыл 23,8 млн гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Әртараптандыру жалғасуда, Атап айтқанда, бидай сияқты монодақылдардың көлемі қысқарып келеді, сондай-ақ су көп қажет ететін күріш пен мақта алқаптары да азайтылуда. Оның орнына табыстылығы жоғары дақылдардың егіс көлемі ұлғаюда. Мысалы, майлы дақылдардың алқабы 4 млн гектардан асады, жүгері — 265 мың гектарға, ал мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға жетеді. Жалпы алғанда, қазіргі ауа райы жағдайы қолайлы.

— Жуырда елімізде ірі экологиялық саммит өтті, онда негізгі тақырыптардың бірі су тапшылығы болды. АӨК саласында климат өзгерістеріне бейімделу стратегиясы бар ма? Биылғы өнімге қатысты болжам қандай?

— Біз де ол саммит жұмысына белсене қатысып, азық-түлік қауіпсіздігі мен жер ресурстарын басқару мәселелері бойынша стратегиялық сессиялар өткіздік. Өзіңіз атап өткендей, өзекті тақырыптардың бірі болашақтағы су тапшылығы мәселесі болды,  оны  бірнеше мемлекеттің басшылары да ортаға салды. Әрине, осы жағдайда климаттық өзгерістерге бейімделу өте маңызды, бұл бағытта ауыл шаруашылығы министрлігінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мысалы, суармалы егіншілік саласында су үнемдеу технологияларын енгізу бағыты қолға алынып, соңғы 2–3 жылда 540 мың гектар аумақта қолданылды.

Осы ретте Түркістан облысындағы мақта шаруашылығын жарқын көрсеткіштердің бірі ретінде айтуға болады. Екі жыл бұрын мақта егістігінде су үнемдеу технологиялары небәрі 2–3 мың гектарды қамтыса, өткен жылы 50 мың гектарға жетті, ал биыл 80 мың гектар деңгейіне шығамыз. Тамшылатып суару тек суды үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар мақта өнімділігін де арттырады. Мәселен, былтыр 465 мың тонна мақта жиналды, орташа өнімділік гектарына 32 центнер болды. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары өнім.

Тағы бір атап өтерлігі, егістік жерлердің басым бөлігін тәлімі егіншілік құрайды (26,5 млн гектардың 24,8 миллионы). Мұнда климаттық өзгерістерге бейімделудің бірнеше тетігі бар. Мысалы, Австралияда жауын-шашынның аздығына қарамастан, өнімділік жыл сайын артып келеді. Өйткені оларда ғылым қарқынды дамып, фермерлер ғылыми зерттеулер нәтижелерін белсенді түрде тәжірибеге енгізуде. Меніңше, біз де осы бағытпен, яғни, ғылым мен бизнесті біріктіру жолын қатар алып жүруіміз керек. Осы орайда, Мемлекет басшысы ғылымға нақты міндет қойды. Ол бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі басты көрсеткіш болуы тиіс.

Қазірді де жақсы әзірлемелер бар. Мәселен, А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдары «Таймас» атты жаздық жұмсақ бидайдың жаңа отандық сұрпын шығарған. Бұл сұрып аграрлық сала өкілдері арасында кең сұранысқа ие, өйткені ауруларға төзімді және біздің климаттық жағдайда жақсы нәтиже береді.

Сонымен қатар фермерлерді ауа-райы құбылыстарына қатысты қаржылық тәуекелдерден қорғау да айрықша маңызды. Ұқсас климаттық жағдайы бар елдерде кепілдендірілген табыстылық, сақтандыру сияқты қосымша бағыттар кеңінен дамыған. Біз де осы тәжірибелерді зерделей отырып, жаппай сақтандыру жүйесі енгізілуі тиіс деген тұжырымға келдік. Сақтандырудың дәлдігін арттырып, құнын төмендету үшін деректер қажет. Біздің министрлік деректерді жинау, нақтылау және жүйелеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бұл да біздің тәуекелдерді азайту жолындағы стратегиялық бағыттарымыздың бірі деуге болады.

— Бұрын есіңізде болса, «жалған көрсеткіштер» туралы сөз қозғалған еді. Мысалы, 3 млн тонна сүт, 2 млн тонна картоп есептен шығаруға жатқызылды деген сияқты. Осы бағытта жұмыс қалай жүріп жатыр? Мұндай жалған есептерді кім таратады? Фермерлер ме, әлде мемлекеттік органдар ма?

— Шынын айтқанда, жалған көрсеткіштер жылдар бойы қалыптасқан мәселе, мұнда бір ғана кінәлі тарап жоқ, ең бастысы оны шешу жолдары. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлікте біз бұл проблеманы түбегейлі жою шараларын бастадық. Бұл жолда Ұлттық статистика бюросы және облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, нақты жағдайды шынайы дерекке жақындатуға қол жеткіздік. Бұл бізге не береді? Шешімдер нақты деректерге сүйеніп қабылдануы тиіс, ал егер өнімнің немесе мал басының бір бөлігі тек қағаз жүзінде болса, қате шешім қабылдау қаупі айтарлықтай артады.

Жалған есептерден арылу үшін біз өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларында толық қадағалау (прослеживаемость) жүйесін енгізіп жатырмыз. Бұл жүйе үздіксіз, ешбір кезеңде үзілмеуі тиіс. Мұндай тетіктерді кезең-кезеңімен енгізу қажет, салаға бейімделуге уақыт беру керек, яғни, ашықтыққа үйрену, деректерді дұрыс әрі нақты  беру дағдысын қалыптастыру маңызды. Менің ойымша, бұл жүйелер толық енгізілсе, жалған көрсеткіштер мәселесі түбегейлі шешіледі.

— Ақпан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын таныстырды. Бұл бағдарлама ет бағасының қымбаттауымен байланысты ма? Жаңа жоспар бұған дейін сынға ұшыраған мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларынан несімен ерекшеленеді?

— Кешенді жоспардың қабылдануы — уақыт талабы. Ол АӨК-ті дамыту жол картасының логикалық жалғасы десек орынды. Өсімдік шаруашылығында өндірісті арттырып, жеңілдетілген несиелеуді енгізгеннен кейін біз енді мал шаруашылығының тиімділігін арттыру кезеңіне өттік.

Бұрынғы АӨК даму бағдарламалары да өз нәтижесін берді. Мәселен, мал шаруашылығында асыл тұқымның негізін қалыптастыру күшейтілді, әртүрлі мал тұқымдары бойынша палаталар құрылып,  оқыту, етті мал шаруашылығын насихаттау бағытында дербес жұмыс жүргізіп келеді. Сиыр етін өндірудің репродуктордан бастап ет өңдеу кешеніне дейінгі толық өндірістік тізбегі қалыптасты.  

Әрине, кейбір жетілмеген тұстары да болды. Мысалы, мемлекеттік қолдауды әкімшілендіру кезінде кейбір құралдар жеткілікті деңгейде ашық болмады. Сондай-ақ сүтті мал шаруашылығына, құс шаруашылығына және басқа да салаларға жеткілікті назар аударылмады.

Соңғы жылдары қателіктермен жұмыс жүргізіліп, кейбір айқындығы төмендеу  субсидиялар жойылды, қазір кредиттеуге баса көңіл бөлінді. Қабылданған Кешенді жоспар жеңілдетілген кредиттеуге негізделген, әрі ол әртүрлі қосалқы салаларды — ірі қара, ұсақ мал, құс, ара шаруашылығын, сондай-ақ шаруашылықтардың әртүрлі түрлерін — ірі, шағын және жайылымдық мал шаруашылығын қамтиды.

Жоспар 5 жылға есептелген, нәтижесінде мал басы көбейіп, өнімділігі артатын болады. Бұл ішкі нарық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экспортты ұлғайтуға жол ашады.

Ал, ет бағасына келетін болсақ, оның себебі күрделі. Мұнда жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты өзіндік құнның артуы, ветеринариялық препараттардың, жалақы мен тарифтердің өсуі сияқты факторлар бар. Бұдан бөлек, жинақталған қысым факторы да әсер етті, яғни ет бағасы ұзақ уақыт бойы бір деңгейде сақталып, белгілі бір қысым жинақталды, ал өткен жылы ол өсіп, нарықтық деңгейге жетті.

Экспортқа деген сұраныстың артуын да алға тартуға болады,  бірақ ол қалыптасқан жағдайды тек арттырды. Жалпы өндіріс көлемімен салыстырғанда экспортқа шығарылатын ет көлемі көп емес. Мәселен, былтыр 435 мың тонна сиыр еті өндірілсе, оның 32 мың тоннасы ғана экспортқа шығарылған (7%).

Сонымен қатар, адамдар жиі ескере бермейтін бір жайт бар. Нақтылап айтқанда, фермер де біз сияқты қарапайым азамат, ол да өмір сүру сапасын жақсартуға, балаларына сапалы білім беруге, жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсартуға ұмтылады. Фермердің де еңбегі лайықты бағасын алуға тиіс. Мал шаруашылығымен айналысатындар қысы-жазы маңдай терлері арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін қалап, халықты етпен толық қамтамасыз етіп отыр, бұл фермерлердің ауыр да адал еңбегінің жемісі.

— Мемлекет басшысы мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуды тапсырды, алайда елде тірі мал экспортына шектеу бар және ет экспортына квота жүйесі енгізілді. Бұл нарықты тұрақтандыруға арналған уақытша шара ма? Тірі мал экспортына шектеу қою өңделген өнімді экспорттауға көшуге бағытталған мемлекеттік ұстаным ба?

— Тірі мал экспортына қатысты әкімшілік реттеу 2020 жылдан бері қолданысқа енгізілген. Толық тыйым салу мен квоталау жүйесі кезең-кезеңімен алмастырылып отырды. Бұл шаралар экспорт көлемінің күрт өсуіне байланысты енгізілді, себебі ол ішкі нарықта бағаның өсу қаупін тудырды, сондай-ақ өңдеуді Қазақстанда дамытудың орнына көрші елдер аумағына шығаруға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастырды.

Мен бордақыланған бұқа дайын шикізат деп есептемеймін. Себебі союға дайын малды алу үшін генетикамен жұмыс істеу қажет, аналық мал басын ұстау, төлді өсіру, ветеринариялық іс-шараларды жүргізу, бордақылау жұмыстарын қамтамасыз ету керек. Тірі мал экспортын Австралия, Канада, Бразилия, Испания сияқты дамыған елдер жүзеге асырып отыр. Бұл – біз табыс таба алатын нарықтық бағыт. Мысалы, Австралия 2024 жылы 700 мыңнан астам ірі қара малды (жалпы мал басының 3%-ы) Индонезия, Вьетнам, Қытай нарықтарына экспорттады; Канада — 800 мыңнан астам бас (шамамен 6%) негізінен АҚШ-қа экспорттады.

Қазақстан үшін ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау маңызды. Демек, мал басын көбейтіп, тірі малды экспорттау мүмкіндігін де қарастыру қажет. Сонымен қатар, өңдеу деңгейін арттырып, қосылған құнды ел ішінде қалдыру міндеті тұр, яғни тек тірі мал экспортымен шектелуге болмайды. Бұл тұрғыда Аргентина тәжірибесі мысал бола алады. Онда тірі мал экспортын шектеу 50 жыл бойы қолданылған, бірақ соған қарамастан ел ет экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып отыр. Қазақстанда әкімшілік реттеу кезеңдерінде бірқатар ет өңдеу зауыттары пайда болып, ет экспорты артты. Мысалы, 2019 жылы 6 мың тонна сиыр еті экспортталса, өткен жылы бұл көрсеткіш 32 мың тоннаға жетіп, 5 еседен астам өскен.

Менің ойымша, ет экспортын да, тірі мал экспортын да қатар дамыту керек. Сонда Қазақстан әр нарық сегментінде өз орнын күшейте алады. Осы мақсатта Кешенді жоспар әзірленді, ал алдағы 5 жылда экспорт көлемін екі еселеу көзделіп отыр.

— Сарапшылар ветеринария саласындағы жағдай көп жылдан бері өзгермегенін, материалдық-техникалық базаның тозғанын айтады. Сіз еліміз бойынша ветеринариялық нысандар салынуда, жалпы ветеринарияны дамыту жоспары әзірленіп жатыр дедіңіз. Бұл салаға нақты не береді? Неге бұқаралық ақпарат құралдарында ауру ошақтары, заңсыз ет саудасымен айналысқандар туралы жиі жазылады?

— Иә, бұл рас. Шын мәнінде, шамамен 14 жыл бойы инфрақұрылымға айтарлықтай инвестиция салынбаған, соның салдарынан материалдық-техникалық база едәуір тозған. Кейбір өңірлерде жағдай мамандар бейімделмеген ғимараттарда, тіпті үйден жұмыс істеуге мәжбүр болған деңгейге жеткен, ал бұл мұндай маңызды қызмет үшін әрине, қолайсыз жағдай. Қазір бұл жағдай өзгеріп жатыр.

2024 жылы біз бұл жұмысты қайтадан жүйелі түрде жолға қоя бастадық. Ұзақ үзілістен кейін ветеринария саласын қаржыландыру қайта жанданды, заманауи жабдықтар, көлік құралдарын сатып алуға және ветеринариялық нысандарды жаңғыртуға қаражат бөлінді. Қазірдің өзінде ветеринариялық инфрақұрылымның 593 нысаны салынды және жөнделді. Қосымша 72 ветеринариялық станция мен шамамен 1,3 мың ветеринариялық пункт салуға 66 млрд теңге бөлінді. Соңғы үш жылда ветеринариялық қызметтер үшін 1,1 мың бірлік автокөлік жаңартылды.

Кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ветеринариялық мамандардың жалақысын көтеруге 22 млрд теңге көлемінде қаржы қолдау көрсетілді. Бұл өте маңызды, себебі мықты әрі ынталы кадрларсыз ешбір инфрақұрылым тиімді жұмыс істей алмайды.

БАҚ-тағы хабарламаларға келсек, мұнда мәселе тек ветеринариялық қызметтің өз жағдайында ғана емес, сонымен қатар бизнес пен халықтың жауапкершілік деңгейінде және қазіргі жүйенің өтпелі кезеңінде екенін түсіну керек. Инфрақұрылым ұзақ уақыт жеткілікті қаржыландырылмаған кезде, мұндай тәуекелдер, өкінішке қарай, жиі көрініс береді.

Сондықтан қазір біз бақылауды, зертханалық диагностика жүйесін, цифрландыруды және өнімнің толық қадағалануын күшейтіп жатырмыз. Бұл тәуекелдерді тез анықтауға және оларды кейін емес, алдын ала болдырмауға мүмкіндік береді.

Қазір 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамыту жөніндегі Кешенді жоспар әзірлену үстінде. Негізгі жаңашылдықтар — саланы жүйелі түрде жаңарту. Жануарлардың әл-ауқатын қамтамасыз етуден бастап, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту, зертханаларды дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, кадрлық әлеуетті арттыру және ветеринариялық фармацевтиканы дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.

— Өндіріс өсіп жатса да, неге кейбір өнімдер бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр? Импортқа тәуелділікті азайту үшін министрлік не істеп жатыр? Жалпы азық-түлік бойынша толық тәуелсіздікке ұмтылу керек пе, әлде бұл мүмкін емес пе?

— Сұрағыңыз орынды.  Ең алдымен толық өзін-өзі қамтамасыз ету мен азық-түлік қауіпсіздігі арасындағы айырмашылықты түсіну қажет. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тобы анықталған, сол бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл тізімге 35 позиция кіреді: ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, қант және т.б. Импортты алмастыру жұмысы осы негізгі өнімдерге бағытталған. Ал барлық өнім түрін өзімізде өндіруге ұмтылу — әрине, мүмкін емес, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Қазіргі таңда Қазақстан көптеген ұстанымдар бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетті, сондай-ақ бұрын импорт басым болған бағыттарда өндіріс қарқынды өсіп келеді. Мысалы, құс еті, сүт өнімдері және балық өнімдері өндірісі айтарлықтай артты. Соңғы 5 жылда құс еті өндірісі 150 мың тоннаға өсті, Қазақстанның барлық өңірлерінде салқындатылған тауық еті кеңінен қолжетімді болды, бұрын негізінен мұздатылған өнім тұтынылатын. Қазір дүкен сөрелерінде қазақстандық қияр мен қызанақ жыл бойы үзілмейді, бұл отандық жылыжай өнімдерінің жетістігі. Яғни атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі сүт саласына серпін берді, біз сүт пен қышқыл сүт өнімдері бойынша қажеттілікті толық өтеп отырмыз, ірімшік пен сүзбе өндірісін арттырып келеміз.

Айта кету керек, мәселе тек өндіріс мүмкіндігінде емес, экономикалық тиімділікте жатыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында импорттық өнімдер өте бәсекеге қабілетті. ФАО-ның бағалауы бойынша Беларусь АӨК өнімдеріне қолдау деңгейі 22%-ға жетсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 6% деңгейінде.

Импортты алмастыру жұмысы кешенді сипатқа ие: мұнда сауда, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, маркетинг және халықты ақпараттандыру мәселелері бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты не істеп отыр дегенге келсек, біз тиімділікті арттыру бағытында жұмыс істеудеміз,  яғни өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға жағдай жасап отырмыз. Сонымен қатар, нарықты қауіпсіз емес импорт өнімдерінен қорғап, сақтау инфрақұрылымын (көкөніс қоймалары, элеваторлар) дамытып жатырмыз, сыртқы нарықтарды ашу арқылы өндірушілердің табысын арттыруға ықпал етеміз.

— Сіз қантты атап өттіңіз. Жинау маусымы жақындап қалды, қантқа сұраныс қайта өсетіні анық. Қазақстан өзін қантпен қаншалықты қамтамасыз етіп отыр? Неге субсидияланған қант қызылшасына сұраныс төмен, ал зауыттар мемлекеттік қолдауды сұрайды? Сіздің бұл жағдайға көзқарасыңыз қандай?

— Қант  - қант құрағынан және қант қызылшасынан өндіріледі. Климаттық жағдайға байланысты бізде қант құрағы өспейді, сондықтан қант индустриясы қант қызылшасы егісіне негізделген. Қант қызылшасынан өндірілетін тәтті елдің қажеттілігінің 23%-ын ғана жабады, қалған бөлігі импорттық шикізаттан өндіріледі.

Ұзақ уақыт бойы қазақстандық фермерлер жоғары өнімділікке жете алмайды, тиісінше өңдеуге тиімді өзіндік құн қалыптастыра алмайды деген көзқарас болды. Сол себепті зауыттар қызылша шикізатымен жұмыс істеуге аса құлықты болмады, өндіріс көлемін шектеулі деңгейде ұстап отырды. Оның үстіне Жамбыл облысындағы зауыттар да ескірген, олар инвестиция тартуды қажет етеді.

2024 жылы біз, біріншіден, салаға жеңілдетілген несиелерді молынан тарттық, агротехнологиялар деңгейін арттырдық. Сонымен қатар, қант қызылшасын тапсыруды ынталандыру үшін оны өңдеуге өткізгені үшін субсидия енгізілді. Нәтиже, шын мәнінде, күткенімізден де асып түсті. Жалпы өнім көлемі шамамен 2,5 есе өсіп, 1,3 млн тоннаға жетті, орташа өнімділік гектарына 507 центнер болды. Мұндай көлемдегі қызылшаны зауыттар өздері толық өңдеп үлгере алмады, сондықтан қосымша мүмкіндіктер іздеуге тура келді. Яғни, өңдеу қуаты өнімділік қарқынынан қалып отыр.

2025 жылы қызылша алқаптары қысқартылды, бұл өңдеу қуаттарын арттырғанға дейін уақытша шешім. Сала жаңғыртуды талап етеді, жаңа қант зауытын салу жоспарлануда. Бұл — капиталды көп қажет ететін, тәуекелі жоғары әрі бәсекелі бизнес, сондықтан мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Алайда біз импорттық қант құрағына толық тәуелді бола алмаймыз, өйткені егер жеткізілім тоқтаса, тек үй шаруашылығындағы дайындықтар ғана емес, бүкіл сусын өндірісі, балмұздақ, кондитер өнеркәсібі тоқтап қалады, ол  нан-тоқаш және қышқыл сүт өнімдерінің өндірісіне де әсер етеді. Қант — жалпы тамақ өнеркәсібінің маңызды құрамдас бөлігі, сондықтан өз өндірісіміздің болуы стратегиялық тұрғыдан аса маңызды.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімдері экспортының рекордтық түсімі 7,2 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл жетістік деп айтуға болады. Бірақ бұл экспорттың сапасы қандай? Оның ішінде шикізаттық және өңделген өнім үлесі қандай? Алдағы 3–5 жылда не өзгереді? Біздің өнімдер сыртқы нарықта қаншалықты бәсекеге қабілетті?

— Бұл маңызды көрсеткішті атап өткеніңіз үшін рахмет. 7,2 млрд доллар көлеміндегі агроөнім экспорты бүкіл саланың ауқымды еңбегі. Негізгі өсім дәстүрлі экспорттық позициялармен қатар, өңделген өнімдер есебінен де қамтамасыз етілді. Бидай мен бидай-қара бидай экспорты 52%-ға өсті, жемдік ұн — 2,4 есе, зығыр тұқымы — екі есеге жуық, күнбағыс майы — 40,8%-ға, макарон өнімдері — 7,8%-ға, балмұздақ — 33%-ға артты.

Экспорттың едәуір бөлігін бұршақ дақылдары, зығыр, рапс және басқа да дақылдар құрайды. Иә, бұл өңделген өнім емес, бірақ олар фермерлерге табыс табуға және елге валюталық түсім әкелуге мүмкіндік береді. Кейбір санаттарда шикізат түрінде экспорттау экономикалық тұрғыдан тиімдірек. Бұл әлемдік нарық конъюнктурасына және сақтау мен логистика ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, бидай биржалық тауар, ол әлемдік нарық заңдылықтарымен саудаланады. Оған тұрақты әрі кең сұраныс бар, жеткізуді басқару икемді. Жалпы алғанда, қазақстандық бидай — бренд, оны әлемдік нарықта жақсы біледі әрі сатып алуға сұраныс жоғары, ал біздің мамандар астық саудасы мен логистикасында жоғары біліктілікке ие.

Күнбағыс майы бойынша экспорт соңғы 3 жылда 3 есе өсті. 2022 жылы 229 мың тонна экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 688 мың тоннаға жетті. Біз Орталық Азия елдері, Ауғанстан және Қытай нарығына шықтық. Алдағы уақытта өңдеу көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарды игеру жоспарлануда. Терең өңдеуге көшу үшін 2026 жылы жалпы қуаты 370 мың тонна болатын 4 жаңа рафинация жобасын іске қосу көзделіп отыр. Саланың одан әрі дамуы терең өңдеумен байланысты, қазірдің өзінде қазақстандық кәсіпорындар лецитин алуға негіз болатын фосфатидті концентрат өндіруде. Бұл өнім өнеркәсіпте де, мал шаруашылығында да қолданылады.

Жалпы алғанда, өңделген өнім экспорты өсіп келеді. 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 35,3%-ға артып, 3,6 млрд долларға жетті. Бүгінде АӨК экспортындағы өңделген өнім үлесі 51,4%-ды құрайды. Бұл экспорт сапасының өте маңызды көрсеткіші.

— Бұрын астық экспортына көлік шығындарын субсидиялау тәжірибесі болды. Бұл қандай нәтиже берді?

— Жақсы нәтиже берді. 2024 жылы Қазақстанда астық және майлы дақылдардың өнімі жоғары болды. Бұл экспорттық әлеуетті арттырды, бірақ сонымен қатар ішкі нарыққа қысым түсті, себебі ел орта есеппен жылына 7–8 млн тонна бидай тұтынады.

Өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау үшін өткен жылдың басында астық тасымалдау шығындарын субсидиялау енгізілді. Бұл алыс және жаңа нарықтарға шығуды жеделдетті. Нәтижесінде астық экспорты өткен маусыммен салыстырғанда 47%-ға өсті.

2024–2025 маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша астық пен ұнның астық эквивалентіндегі сыртқы жеткізілімі 15,2 млн тоннаға жетті. Қазақстандық бидай алғаш рет Еуропаның бірқатар елдеріне, атап айтқанда, Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбританияға, сондай-ақ Солтүстік Африка елдеріне -  Марокко, Алжир, Египетке жеткізілді. Сонымен қатар Қытай арқылы Вьетнамға дейінгі күрделі логистикалық бағыт та болды.

Бұл ішкі нарықты да тұрақтандырды. Баға тоннасына 95–100 мың теңге деңгейінде қалыптасып, демпинг тәуекелдері азайды. Сонымен бірге логистика, өңдеу, машина жасау және қызмет көрсету салаларына да оң ықпал етті.

2025–2026 маусымында да бұл үрдіс сақталып, қыркүйектен сәуірге дейін астық пен ұн экспорты 11,5 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға жоғары болды.

— Соңғы жылдары рекордтық қаржыландыру туралы көп айтылады, алайда 1 трлн теңге — субсидия емес, кредиттер ғой. Олардың қайтарымдылығы қандай? Сала бұл қаражаттың тиімділігін қалай бағалап отыр? АӨК қаржыландыруындағы екінші деңгейлі банктердің үлесі қандай? Ауыл шаруашылығына коммерциялық капиталды тарту үшін не жасалып жатыр?

— Бұл тек бюджет қаражатын бөлу емес, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың жаңа, неғұрлым тұрақты жүйесін қалыптастыру. Егер 2023 жылы АӨК-ті қолдауға бағытталған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 140 млрд теңге болса, 2025 жылы ол 1 трлн теңгеден асты. Бұл сіз айтқандай, қайтарымды қаражат, яғни кредиттер. Осы 1 трлн теңгенің ішінде 153 млрд теңге бюджет қаражаты, қалғаны коммерциялық қаражат есебінен тартылды.

Нақты түсіндіріп өтейін,  мемлекет ақшаны тікелей таратпайды, ол пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды. Яғни фермер 5–6% жеңілдетілген мөлшерлемемен несие алады, ал нарықтық және жеңілдетілген мөлшерлеменің айырмасын Ауыл шаруашылығы министрлігі өтейді. Сонымен қатар, Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» облигациялық қарыздар арқылы қаражат тартады, ал мемлекет сол облигациялардың купондық сыйақысын да субсидиялайды. Бұл бюджетке шамадан тыс жүктеме түсірмей-ақ, саланы қаржыландыруды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.

Қайтарым деңгейі бүгінде 99%-ды құрайды. Бұл — өте жоғары көрсеткіш, ол фермерлердің қаржылық тұрақтылығын және сектордың сенімділігін көрсетеді.

Екінші деңгейлі банктердің қатысуына келсек, бірнеше жыл бұрын олар ауыл шаруашылығына тәуекел жоғары болғандықтан сақтықпен қарайтын. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Өткен жылы екінші деңгейлі банктер арқылы АӨК-ке 207 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, бұл жалпы қаржыландырудың 20%-дан астамы. Оған ForteBank, Halyk Bank, Freedom Bank, БЦК және Bereke Bank сияқты банктер қатысуда.

Біздің міндет — тек мемлекеттік қолдауды көбейту емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығына жеке капиталдың келуіне жағдай жасау. Бұл тетік қазірдің өзінде тиімді жұмыс істей бастады.

— Мемлекеттік қолдауды трансформациялау бойынша қандай жоспар бар? Субсидияның орнына кредиттер бола ма, мерзімін атап өтсеңіз?

— Біз 2024 жылдан бастап АӨК-ті мемлекеттік қолдау жүйесін кезең-кезеңімен трансформациялауға кірістік. Негізгі мақсат — оны аграршылар үшін де, қаржы институттары үшін де тиімді, тұрақты және түсінікті ету.

Дегенмен субсидиялардан толық бас тарту жоспарланбайды. Олар белгілі бір бағыттарда сақталады, әсіресе тікелей қолдаусыз саланы дамыту қиын бағыттарда. Бірақ негізгі екпін біртіндеп жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімді несиелерге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға, несиелерді кепілдендіруге және жеке капиталды тартуға ауысып келеді.

Неге бұл маңызды? Себебі мұндай тәсіл бюджет қаражатын тек бөлуді емес, оның қайтарымын қамтамасыз етіп, жалпы қаржыландыру көлемін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Біз көктемгі егіс және жинау жұмыстарына, сондай-ақ техника лизингіне жеңілдетілген несиелеуден бастадық. Бүгінде мал бордақылау алаңдары үшін мал сатып алуға, асыл тұқымды мал алуға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыруға арналған жеңілдетілген несиелік өнімдер бар.

Алдағы жылдары элеваторлар мен астық қоймаларын салуды белсенді қаржыландыру жоспарлануда. Сонымен қатар жылыжай кешендері мен бау-бақша шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту қарастырылып отыр. Басты мақсат — нүктелік қолдаудан толыққанды қолжетімді агроқаржыландыру жүйесіне көшу.

— Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Цифрлық құралдар саланы басқарудың негізгі тетіктерінің бірі. Министрлік нақты деректерге сүйеніп шешім қабылдау үшін қандай қадамдар жасап жатыр? Неге АӨК бойынша толық қадағалау әлі жоқ?

— Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын цифрлық шешімдер мен деректерсіз тиімді дамыту мүмкін емес. Бірақ АӨК өнімдерін толық қадағалау жүйесін құру оңай емес, себебі ол аграршылардың өз бизнес-үдерістерін цифрландыруды талап етеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде әртүрлі бағыттар бойынша бірнеше цифрлық жүйе бар, алдағы жоспар оларды біріктіріп, фермерге арналған «бір терезе» қағидатында «е-АӨК» платформасын құру.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерелірінң екінші форумында Мемлекет басшысы мемлекеттік ақпараттық жүйелер деректерін бір Data Lake — «деректер қоймасына» біріктіруді тапсырды. Деректерді нақтылап, құрылымдап, сол негізде талдау жасауға болады. Мысалы, өңірлер бойынша техника паркінің тиімділігін немесе мал саудасы қарқынды аймақтарды анықтау. Жүйеде әр ауыл шаруашылығы өндірушісінің цифрлық профилі болады.

— АӨК-те кадр тапшылығы бар, бұл бүкіл әлемде солай.  Қазақстанда салаға 63 мың маман жетіспейтіні айтылды. Жастарды ауыл шаруашылығына тарту үшін не істеліп жатыр?

— Бұл мәселенің түп төркіні түсінікті деп ойлаймын. Жас отбасылар үшін балабақша, балалар үйірмелері, медициналық қызмет мәселелері өзекті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында жалақы да жоғары емес, сондықтан жастар АӨК-ке көп бара бермейді.

Дегенмен Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылым салынуда және жаңартылуда. Сонымен бірге, тұрақты әрі табысты агробизнес бар жерде ғана қолайлы жағдай қалыптасатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде аграрлық сала кәсіпкерлері үй, спорт кешендері, медициналық орындар, жолдар салуға белсене қатысып жатыр, бұл кадрларды тұрақтандыруға ықпал ететіні анық.

Кәсіпорындар да нығайып келеді, цифрлық технологиялар енгізіліп, еңбек өнімділігі артуда, инвестициялар тартылуда. Бұл жоғары жалақысы бар заманауи жұмыс орындарын құруға жол ашады.

Президент жұмысшы мамандықтарына айрықша көңіл бөліп отырғаны баршаңызға белгілі, бұл ауыл шаруашылығының да беделін арттырып, ықпалын күшейтуге тың серпін беретіні сөзсіз.

Дереккөз: https://www.inform.kz/ru/fermeri-dolzhni-zhit-dostoyno-bolshoe-intervyu-saparova-o-problemah-i-perspektiv-d7febf49