InterFood Astana 2026 көрмесінде қазақстандық ғылыми ұйымдар өз әзірлемелерін таныстырды

InterFood Astana 2026 көрмесінде қазақстандық ғылыми ұйымдар өз әзірлемелерін таныстырды

Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында азық-түлік өнеркәсібіне арналған 26-шы Қазақстандық халықаралық InterFood Astana 2026 көрмесі өтті. Бұл шара азық-түлік өндірушілері, жабдық жеткізушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауда саласының өкілдері үшін маңызды салалық алаңдардың бірі болды.

Көрменің басты мақсаты — халықаралық ынтымақтастықты дамыту, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібіндегі заманауи технологияларды ілгерілету, сондай-ақ экспортты кеңейтуге, серіктестер табуға және бизнес, ғылым мен өндіріс өкілдері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Биыл көрмеге Австрия, Беларусь, Вьетнам, Германия, Грузия, Қазақстан, Қытай, Малайзия, БАӘ, Польша, Ресей, Таиланд, Өзбекстан және Украина сияқты 14 елден 61 компания қатысты. Экспозиция азық-түлік өндірісінің толық циклін — шикізаттан бастап өңдеу, қаптама және дайын өнімге дейін қамтыды.

Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығының, сондай-ақ Қазақ ұлттық тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты өкілдері халықаралық көрме қатысушылары мен қонақтарына өз қызметі, ғылыми әзірлемелері және тағам әрі қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жұмыс бағыттары туралы ақпарат берді.

Іс-шара барысында инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Отандық және шетелдік серіктестермен өткен кездесулерде ынтымақтастық перспективалары мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері талқыланды.

InterFood Astana 2026 көрмесі Қазақстанның азық-түлік индустриясын дамытуға және ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін тиімді халықаралық B2B алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.