Ермек Кенжеханұлы Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті

Ермек Кенжеханұлы Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті

Павлодар облысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының тұрғындармен, оның ішінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуі өтті. Іс-шара барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қорытындылары, аграршыларды мемлекеттік қолдау шаралары және алдағы кезеңге арналған саланың негізгі міндеттері талқыланды.

Ермек Кенжеханұлы қатарынан екінші жыл ауыл шаруашылығы Қазақстанда тұрақты оң динамика мен рекордтық көрсеткіштерді көрсетіп отырғанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгеге жетті.

Облыс еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі және одан әрі даму үшін елеулі әлеуетке ие. Мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары, заманауи агротехнологияларды енгізу және жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын кеңейту саланың тұрақты өсуіне ықпал етуде.

«Жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін дәйекті түрде арттыруға мүмкіндік береді. Маркетингтік жыл қорытындысы бойынша астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты 15,3 млн тоннаны құрады. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш», — деді Ермек Кенжеханұлы.

2026 жылы Павлодар облысындағы жалпы егіс алқабы 1,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 43 мың гектарға артық. Егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасады: бидай алқаптарын қысқартып, майлы және мал азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайту жоспарлануда.

2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие Павлодар облысының 190 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне 22,5 млрд теңге көлемінде берілді. Соның нәтижесінде 305 мың гектардан астам егіс алқабы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы жаңарту бағдарламасының іске асырылуы туралы ақпарат берді. Биыл өңірде жалпы сомасы 22,5 млрд теңгеге 654 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу қаржыландырылды.

Кездесу барысында мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілгені атап өтілді. Аталған жоспар аясында салаға 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделген.

Сонымен қатар қатысушыларға агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмыстары туралы ақпарат ұсынылды. Инвестициялық жобаларды кредиттеу бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 11,6 млрд теңгені құрайтын 8 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында сүт-тауарлы фермаларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу нысандарын, жылыжай кешендері мен көкөніс сақтау қоймаларын салу жобалары бар.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер вице-министрге көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, мал шаруашылығын дамыту және басқа да мәселелер бойынша сұрақтарын қойды.

Кездесу қорытындысында Ермек Кенжеханұлы іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары аграрлық сектордың одан әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жұмыс бағдарламасы аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының ауыл шаруашылығын дамыту және аграршыларды қолдау мәселелері бойынша өтініштерін қарады.