
Ветеринар Марина Қапарова үшін 45 жылдық еңбек жолы жай ғана кәсіби қызмет емес, таңдаған ісіне деген шынайы адалдық пен табанды еңбектің үлгісіне айналды.
Марина Қапарованың еңбек жолы 1982 жылы басталды. Мектепті аяқтағаннан кейін ол бірден комсомол бригадасында сауыншы болды.
1986 жылы Атырау ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған соң Атырау қалалық ветеринариялық инспекциясында инспектор болып жұмысын бастады. Кейіннен Дамбы ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің басшысы қызметін атқарды.
Еңбек жолында талай күрделі жағдайлармен бетпе-бет келді. Солардың ішіндегі ең ауыр сынақтардың бірі — мал арасында нодулярлы дерматит ауруының өршуіне қарсы күрес болды.
Вакцинаның тапшылығы жағдайында мамандар аурудың таралуын тоқтату және мал шығынын болдырмау үшін тәулік бойы тынымсыз еңбек етті.
«Таңның атысынан түннің бір уағына дейін жұмыс істедік. Екпе салдық, жараларды өңдедік. Соның арқасында мал шығынына жол бермедік», — деп еске алады еңбеккер.
Бұл кезең оның кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігін ғана емес, сонымен қатар табандылығы мен өз ісіне деген адалдығын айқын көрсетті.
Марина Қапарованың көпжылдық еңбегі мемлекет деңгейінде, салада жоғары бағаланды. Мәселен, «Еңбек даңқы» II дәрежелі төсбелгісінің иегері, сондай-ақ республикалық деңгейдегі байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.
2024 жылы «Қазақстанның құрметті мал дәрігері» атағы берілді. Ал бұған дейін оның есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енгізіліп, бұл оның ұзақ жылғы еңбегіне берілген зор құрметтің белгісіне айналды.
Әріптестері мен жас мамандар үшін Марина Қапарова адамгершілік, жауапкершілік және мамандыққа деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның еңбек жолы ел игілігі жолындағы ерен еңбектің жарқын көрсеткіші.