
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өсімдіктер генетикасы мен геномикасы саласындағы америкалық ғалым Род Уингпен кездесу өткізді.
Тараптар аграрлық ғылымды, селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту, сондай-ақ өсімдіктер геномикасы және климатқа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын шығару саласындағы халықаралық ынтымақтастық келешегін талқылады.
«Аграрлық ғылымды дамыту – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, тұрақты дамудың және экспорттық әлеуетті арттырудың маңызды факторы. Қазақстандық селекция мектебінің көпжылдық тарихы бар, ал отандық тұқымдарға аграршылар тарапынан сұраныс жоғары», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Себебі сапалы тұқым пайдалану өнімділіктің 40%-ына дейін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты 2024 жылы 2028 жылға дейінгі селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар заңнаманы өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау жөніндегі халықаралық UPOV конвенциясының талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.
2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандарын шығаруға бағытталған 8 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған бағдарламалар аясында 37 жаңа ауыл шаруашылығы дақылының сұрыпы шығарылып, мемлекеттік сынаққа жолданды.
Елде пайдаланылатын тұқымдардың 80%-дан астамы қазақстандық селекцияның жетістіктері саналады. Мәселен, А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шығарған «Астана», «Ақмола-2», «Шортандинская-95» және «Таймас» жаздық бидай сұрыптары жыл сайын 3,5 млн гектар алқапқа егіледі.
Қазақстанда селекциялық жұмыстармен 28 мекеме айналысады, оның 18-і ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдары. Ғылыми қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында елдің солтүстігі мен оңтүстігінде ғылыми ұйымдардың консорциумдары құрылып, ғалымдар, селекционерлер және тұқым өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Халықаралық ынтымақтастық, соның ішінде Халықаралық жүгері және бидайды жақсарту орталығымен (CIMMYT) байланыс белсенді түрде дамып келеді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде халықаралық серіктестердің қолдауымен Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында «Айна» жаздық бидай сұрыпы шығарылды.
Бірлескен зерттеулер қатарында бұршақ және мал азықтық дақылдар, асбұршақ, жасымық, жоңышқа мен судан шөбі де бар. Басым бағыттардың бірі- дақылдардың қуаңшылыққа, ауруларға және жатып қалуға төзімділігін арттыру, селекцияда молекулалық-генетикалық әдістерді енгізу, селекциялық процестерді цифрландыру және климатқа төзімді сұрыптар қатарын кеңейту де қамтылған.
«Елімізде бірлесіп табысты зерттеулер жүргізуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Министрлік отандық ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын», – деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Род Уинг қазақстандық аграрлық ғылымның әлеуетін жоғары бағалап, селекциялық үрдістерге заманауи геномдық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, ғылыми әлеует, табиғи ресурстар мен мемлекеттік қолдауды үйлестіру Қазақстанда халықаралық зерттеу жобаларын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Айта кетейік, профессор Род Уинг өсімдіктер геномикасы саласындағы әлемдегі ең беделді мамандардың бірі. Еңбектері күріш геномын дешифрлеуге және заманауи агробиотехнологияны дамытуға зор ықпал етті. Ғалым қазіргі уақытта Kozybayev University-дің Агроқұзырет орталығының бидай селекциясын жетілдіру және Солтүстік Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген жаңа сұрыптарды жедел шығару бағытындағы геномдық зерттеулеріне стратегиялық қолдау көрсетуде.