563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалығымен өткен Жер ресурстарын ұтымды пайдалануын бақылау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыстардың нәтижелері қаралды. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жалпы көлемі 1 млн гектар жерді қамтыған 354 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 500 мың гектарға жуық аумақты қамтитын 261 жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Бұған дейінгі нұсқамалар бойынша 340 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру жұмыстары басталды. Жалпы ауданы 357,5 мың гектар жер телімдерін мәжбүрлеп қайтару мәселесі сот тәртібімен қаралуда. Тұтастай алғанда, мемлекет меншігіне 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптары қайтарылды.

Қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу, сондай-ақ халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2026 жылдың ортасына дейін жерлерді кезең-кезеңімен қайта бөлу жоспары бекітілген. 2026 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша жоспарланған 13,5 млн гектардың 10,8 млн гектары айналымға енгізілді. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жоспар 102,3%-ға орындалды.

Сонымен қатар бірқатар өңірлерде белгіленген көрсеткіштерден артта қалу байқалады. Атап айтқанда, бұл Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау облысына қатысты.

Жайылыммен қамтамасыз ету мәселесіне де зор көңіл бөлінді. Соңғы екі жылда елдегі жайылым тапшылығы 3,2 млн гектарға дейін қысқарды. Жайылымдарды ұтымды пайдалану, тұрақты жемшөп базасын қалыптастыру және жердің тозуына жол бермеу мақсатында жайылымдарды басқару жоспарларын өзектендіру және қайта бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жүйелі шаралар қабылданды. Мәселен, салалық заңнама жаңартылды, жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары бекітілді, жергілікті бюджеттер арқылы қаржыландыру тетіктері кеңейтілді. Соған қарамастан, жеке қосалқы шаруашылықтар үшін жайылым тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

Елді мекендердегі жерлерді пайдалану бойынша бақылау нәтижелері сынға алынды. Өткен жылдан бері бар болғаны 6,9 мың гектар аумақта 875 тексеру жүргізілген, бұл ауыл шаруашылығы жерлері ауқымымен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Сонымен қатар тексерулердің 94%-ында заңбұзушылықтар анықталған. Әсіресе республикалық маңызы бар қалаларда тексеру белсенділігі төмен, яғни жалпы аумақтың небәрі 4,8%-ы қамтылған.

Отырыс барысында Ұлытау және Маңғыстау облыстарының өкілдерінің ақпараттары тыңдалып, аталған өңірлерде жұмыс нәтижелерінің төмендігі және елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығы сақталып отырғаны атап өтілді.

«Президент тапсырмасы толық орындалуы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару жұмыстарын жеделдету қажет. Жекелеген өңірлердің белгіленген мерзімдерден кешігуіне болмайды. Жұмысты күшейтіңіздер», — деп тапсырды Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар отырыста жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық бастамалар да назарға алынып, жер учаскелерін жер қойнауын пайдаланушылар арасында субарендаға беру мүмкіндігін қарастыратын нормалар талқыланды. Мемлекеттік органдар арасында тұжырымдамалық келіспеушіліктердің болуына байланысты бұл мәселе қосымша қарауға жіберілді.

Отырыс қорытындысында әкімдіктерге 2026 жылғы 1 шілдеге дейін қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін толық көлемде айналымға енгізу, жайылымдарды басқару жоспарларын бекітуді аяқтау, жайылым инфрақұрылымын дамытуға қаржы қарастыру, халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ пайдаланылмай жатқан жерлерді, соның ішінде елді мекендер аумағында анықтау жұмыстарын ынталандыру тапсырылды.

Аталған шаралар жер ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға, аграрлық сектордың тұрақты дамуына және ауыл халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.