
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің агроөнеркәсіптік кешеніне заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті енгізудің негізгі алаңына айналатын Цифрлық трансформация офисін іске қосты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафиннің төрағалығымен консультативтік-кеңесші органның алғашқы отырысы өтіп, оған министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының басшылары қатысты.
Офис құрамына IT, талдау және басқару салаларындағы тәжірибені біріктіретін 29 маман кірді.
Таласбек Қанафин жаңа құрылымның негізгі міндеті тиімді технологиялық шешімдерді әзірлеу үшін сараптамалық әлеуетті біріктіру, сондай-ақ ведомствоның цифрлық трансформациясының стратегиялық жол карталарын жасау екенін атап өтті.
Жұмыстың басты бағыттарының бірі - цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту.
Қазіргі уақытта министрлікте төрт ұлттық ақпараттық жүйе жұмыс істейді, тағы екеуі әзірлеу сатысында. Сонымен қатар, қолданыстағы жүйелердің бір бөлігі 15–20 жылдан бері пайдаланылып келеді, бұл оларды кезең-кезеңімен жаңартып, заманауи архитектуралық тәсілдерге көшіруді талап етеді.
«Агросектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және ашықтығын арттыру мақсатында саланы цифрлық трансформациялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ақпараттық жүйелерді жаңғырту және жаңарту — осы мақсаттарға қол жеткізудің қажетті шарты», — деді вице-министр.
Қазірдің өзінде офис ведомство қызметіне жасанды интеллект құралдарын енгізуді бастап кетті.
Атап айтқанда, ЖИ-агенттер мен ЖИ-ассистенттерді іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, жетекші тәуелсіз IT-сарапшыларды тарту арқылы Офис құрамын кеңейту көзделіп отыр, бұл аграрлық секторды цифрлық трансформациялаудың тәжірибелік бағытын күшейтуге мүмкіндік береді.
Отырыс соңында құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық ұйымдарға жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстарын белсенді жүргізу тапсырылды.